"Яндекстің" негізін қалаушы Аркадий Волож Еуроодақтан өзін санкциялардан босатуды сұрады

Жарияланды
Фото: Ашық дереккөздерден

«Яндекстің» тең құрылтайшысы Аркадий Волож Еуроодақтан өзіне салынған санкцияларды алып тастауды сұрады. Бұл жайлы The Financial Times газеті жазды.

Бизнесмен бұған дейін Ресейдің Украинаға әскери шабуылын ашық түрде айыптаған болатын. The Financial Times газетінің хабарлауынша, Еуроодақ заңгерлері Волождің өтінішін келесі айда қарайды.

Еуроодақ Воложды 2022 жылдың маусымында санкциялар тізіміне енгізді. ЕО-ның ресми журналында ол «Ресей үкіметін материалды және қаржылық жағынан қолдайтын, Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге немесе саясатқа жауапты кәсіпкер» ретінде сипатталған.

ЕО билігі сонымен қатар «Яндекс»-ті мемлекеттік БАҚ-ты алға жылжытуға мүдделі және Кремльдің, соның ішінде Ресейдің агрессиясына қатысты сынды іздеу нәтижелерінен жойып отырады деп айыптайды.

Өз мәлімдемесінде Волож «Яндекс» пен оның еншілес компанияларындағы барлық лауазымдарынан бас тартып, акцияларының бақылау пакетін директорлар кеңесіне бергенін, содан кейін Ресей президенті Владимир Путин компанияны ресейлік кәсіпкерлер консорциумына сату туралы шешімді мақұлдағанын айтқан.

Волож Қазақстанның батысындағы Атырау қаласында дүниеге келген, Алматыдағы республикалық физика-математикалық мектепте оқыған. Бұрын өзін ресейлік миллиардер санаған ол, өзінің туған жері туралы көп айта бермейтін. Бірақ Батыстың санкцияларына ұшыраған соң, ресейлік миллиардер аяқ-асты өзін ресейлік емесе, «Қазақстаннан шыққан израильдік кәсіпкер» ретінде таныстыра бастады.

10 тамызда Волож мәлімдеме жасап, Ресей билігінің саясатымен келіспейтінін және 2022 жылдың ақпанынан бастап «Яндекске» ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол өзінің Израильде 2014 жылдан бері тұрып жатқанын, соғыс басталғаннан кейін Ресейден кеткен IT мамандарына қолдау көрсетіп келе жатқанын жазды.

«Мен Ресейдің Украинаға айуандықпен басып кіруіне үзілді-кесілді қарсымын, онда көптеген адамдар сияқты менің де достарым, туыстарым тұрады. Украиналықтардың үйлеріне күн сайын бомбалардың ұшатыны мені шошытады. 2014 жылдан бері Ресейде тұрмағаныма қарамастан, елдің іс-әрекеті үшін менің де жауапкершілігім бар екенін түсінемін», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз