«Ақылды үй» жүйесі керемет көмекші ме, әлде қауіп-қатер көзі ме?

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Ақылды үй жүйесі нарықты біртіндеп жаулап келе жатыр. Өйткені күнделікті күйбең тіршілікті жеңілдетіп, қашықтан-ақ басқарып отыруға мүмкіндік береді. Жұмыстан шығып, үйге таяп қалғанда смартфоныңыздағы қолданба арқылы шәйнекті қосып, шай қайната берген керемет емес пе? Болмаса, үйден шығарда әлдебір тұрмыстық техниканы «сөндірдім бе?» деген сынды уайым да азаяды. Болмаса, сіз жоқта робот шаңсорғыш үй жинай береді. Бүгінде жаңадан салынған тұрғын үй кешендерінің ішінде ақылды жүйе орнатылғандарын жиі кездестіруге болады. Ертегідегідей өмір сүруге мүмкіндік беретін экожүйенің қандай қаупі бар? Нені ескеру керек? Осы туралы айтайық.

Ақылды үйдің артықшылықтары

Көршінің үйін су басып кетіп, сөндіруге ұмытып кеткен үтіктің кесірінен тоқ өртеніп кеткен кез көпшілігінің басынан өтсе керек. Ал ақылды үйдің артықшылығы сол — сіз бәрінен уақытылы хабардар болып отырасыз әрі стандартқа сай бақылау жасалып тұрады. Жуынатын бөлме, асхана, тіпті басқа бөлмелерге де су мен түтін датчиктерін орнатуға болады. Сол арқылы барлығын бақылап отырасыз. Әлдене бола қалса, жүйе сізге бұл туралы ақпаратты дереу жібереді. Осылайша көп келеңсіздіктің алдын ала аласыз. Одан бөлек, күзет, бейнебақылау жүйесі де бар. Ақылды үйдің электр кернеуі де үздіксіз бақылауда болады. Жарық жабдықтары, жылыту жүйелерін қажет кезде өшіріп, қосып отырады. Былай қарасаңыз, өмірді айтарлықтай жеңілдетеді. Қызығушылық тудырып, дереу орнатуға шақырады. Бірақ кемшіліктері де жоқ емес.

Кемшіліктері һәм орнатарда болатын кедергілер

Ең алдымен, бұл жүйенің бағасы қымбат екенін атап өту керек. Қалтадан қағатыны белгілі. Әрине, бұл кемшілікке жата қоймас. Әйтсе де, қалаған адамның барлығы бірдей өзіне орната алмауы мүмкін. Жүйенің өзіне ғана емес, оны орнату, монтажы, баптауы, техникалық және сервистік қызметке де ақы төлеуіңіз керек. Әрі техника болғандықтан, оның үнемі жетілдіріліп, жаңартылып отыратыны тағы бар. Сондықтан араға бірнеше жыл салып сіздің жүйенің кей функциялары істемей қалуы не түбегейлі өзгертілуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік керек деп жаңартуға тура келеді. Ол да тегін тұрмасы анық. 

 Жүйенің кернеуі дұрыс қойылуы керек, одан қала берді қуаты да баптауды талап етеді. Жүктемені көтере алатындай етіп орнатпаса болмайды. Сонымен бірге оны тұрғын үйдің бұрышына орната салуға келмейді. Өйткені мұндай құрылғыларға әдетте, арнайы орын бөлінеді. Мысалы генератор болса, оның орналасатын бөлмесіне қосымша дыбыс изоляциясы жасалуы керек. Келесі кемшілік — әр түрлі өндіруші жасаған техникалар бір-бірін танымай, байланыспай қоюы мүмкін. Әрі бұзылып қалса, жүйені қалыпқа келтіру де қиынға соғады. Көбіне бұл технология тез тозып кетеді.  

Ақылдың үйдің қандай түрлері болады?

 Жүйе сыммен істейтін және сымсыз болып екіге бөлінеді. Сыммен істейтіні ыңғайлы әрі сенімдірек. Ақпарат кез келген арақашықтыққа максимум жылдамдықпен жолданады. Кері байланыс бар, кедергілерге де жақсырақ төтеп береді. Мұндағы қиын тұсы — монтаж жұмыстары. Орнатылуы оп-оңай жүйе — сымсыз. Жұмысы Bluetooth, Wi-Fi не өзге де мүмкіндіктер арқылы іске асырылады. Бірақ сымды түріне қарағанда мұнда кемшілік көбірек. Әрі функционалы да шектеулі. Қашықтық таңдайтыны тағы бар. Бәрінен бұрын бұл жүйені бұзып алып, үйге қауіп төндіретіндер табылады.   

Қауіп те жоқ емес

Ақылды үйлердің компоненттерінің бірі — заттар интернеті һәм IoT — Internet of Things. Олардың байланыс түрлері арқылы жұмыс істейтіні белгілі. Сәйкесінше, контроллер арқылы басқарылады. Егер сол бақылау алаяқтарға ауысса, біраз мәселе пайда болуы мүмкін. Сондықтан IoT-қа қосылған құрылғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Егер тиісті деңгейде қорғалмаса, хакерлер оп-оңай қолға түсіреді. Бұл дегеніміз үйіңізге ұры түсіп, құнды заттарыңызды ұрлап кетуі мүмкін деген сөз. IoT құрылғыларын көбіне желінің басқа құрылымдарына кибершабуыл жасау үшін де қолданады. Айталық, істен шыққан IoT құрылғылары DDoS шабуылдар немесе кибершабуылдардың басқа түрлеріне ботнет ретінде пайдаланылуы ғажап емес. Бұл болса, белгілі бір құрылғыға қауіп төндіріп қана қоймай, жалпы алғанда инфрақұрылымға әжептәуір зиян келтіреді.

 IoT құрылғыларына қатысты шабуылдардың жиі жасалатынын айттық. Дегенмен Қазақстанда әзірге мұндай жағдайлар тіркелмеген. Әйтсе де, аталған технологияны пайдаланушылар саны артқан сайын, бұл қауіптің де артатыны анық. Мысалы J’son & Partners Consulting бағалауынша, 2024 жылдың аяғына қарай Қазақстан Республикасындағы «Заттар интернеті» нарығының ауқымы 2019 жылмен салыстырғанда үш есе өседі деседі. Қазіргі таңда заттар интернеті нарығының 85 пайызға жуығын тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық қалыптастырып отыр екен. Оның ішінде «ақылды қала» саласындағы жобалар мен «ақылды үйге» қатысты шешімдер бар. 

Қазақстандық стартаптар

Connected Home. Бұл ақылды құрылғыларды басқарып қана қоймай, ішкі сервистері, қызмет көрсету, қажет нәрсені үйге жеткізіп беруі, клиниң шақыру деген қызметтер тоғыстырылған экожүйе. Интеллектуал тұрғын үй жүйесі мынадай үш маңызды элементтен құралады: сырттағы ақпаратты қабылдайтын датчик, ақылды үйдің «миы» саналатын орталық контроллер және командаларды қабылдап, орындайтын жабдық. Бұл стартаптың басқалардан айырмашылығы — олар контроллерді өздері құрастырады. Бұл болса, сәйкесінше жоба концепциясы мен бағасына әсер етеді. Connected Home технологиялары үйдің ішіндегі барлық құрылғының бір-бірімен байланысуымен ерекшеленеді. Демек, оларды мобайл қолданба арқылы қашықтан басқарып отыруға болады. Ақылды үй жүйесін компания Өзбекстан нарығына шығарған. Жобаларына келсек, Астанадағы Ұлттық банк кеңсесі, President’s park тұрғын үй кешені, Remark тұрғын үй кешені, Aktau Riviera виллалары, Өзбекстандағы Oybek тұрғын үй кешені бар.

ApartX — жалға алынған жылжымайтын мүлікті қашықтан басқаруға арналған мобайл қолданба әрі платформа. Инновациялық стартап пәтер иелері мен жалға алушыларға SaaS шешімдер ұсынады. Осы арқылы ұзақ не қысқа мерзімге пәтер жалға беру нарығында ашықтық арта түседі. Стартап — Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қатысушысы. 2018 жылы «Қазақтелеком» нұсқасы бойынша «Ең үздік IoT-стартап» аталымын иеленген. IT-индустрияға қосқан үлесі үшін Astana Hub Awards сыйлығын алған. 

Ақылды үй тұрғындарына кеңес

          Мұндай үй алмас бұрын ақпараттық қауіпсіздік жайлы біршама білім жиған абзал. Өйткені үйіңіздің қауіпсіздігін ғана емес, өзіңізді де кибершабуылдрдан қорғауыңыз керегін жоғарыда айттық. Сондықтан ыңғайлы деп алған жүйеңіз басқа біреудің қолындағы қаруға айналмас үшін жасауыңыз қажет шаралар бар. Соның ішінде:

  1. IoT-құрылғы таңдаған кезде құрылғыға кірістірілген бағдарламалық жасақтамасына баса мән беріңіз.
  2. Олқылықтары мен жаңартулары туралы хабарларға құлақ түре жүріңіз. Қауіпсіздік жүйесін өндірушілердің жаңалықтарын оқып, хабардар болған артық етпейді. Егер әлдебір олқылық пайда бола қалса, оны дереу реттеген дұрыс. Қауіпті барынша азайту үшін жаңартуларды уақытылы жасап тұрыңыз. 
  3. Құпиясөзіңіз күрделі болсын. Қосфакторлы аутентификацияны пайдаланыңыз. Қауіпсіздік жүйесі мен ақылды құрылғыларды баптаған кезде әріп, сан, арнайы символдардан тұратын пароль қойыңыз. Құпиясөзі қойылған, өзгертілмейтін құрылғыларды алмауға тырысыңыз.    
  4. Желіге рұқсатты шектеп қойыңыз. Үйде Wi-Fi желісінің құпиясөзі барына, шифрланғанына көз жеткізіңіз.
  5. Желіге басқа құрылғыларды қосқан кезде абай болыңыз. Жаңасын қосатын болсаңыз, алдымен олардың қауіпсіз екеніне және жаңартылатын бағдарламалық жасақтамасы барына көз жеткізіп алуыңыз қажет. Қауіпсіздік шарасы әлсіз не олқылығы сол деп танылған құрылғыларға жоламаңыз. 
  6. Деректерді күнделікті резервке салып отырыңыз. Өйткені мәліметтер қорының көшірмесін тұрақты түрде жасап отырсаңыз, кибершабуыл не басқа да мәселе туындаған кезде өз деректеріңізді қайта қалыпқа оңай келтіресіз.
  7. Ақылды үйге бөлек желі арнаған дұрыс.
  8. Мәліметтерді өңдейтін құрылғының бәрін қорғаңыз. Оның ішінде ақылды колонкалар, роутер, компьютер, смартфон не басқа да құрылғылар. Мысалы смартфоныңыз қолда болса, онда үй желісіндегі деректерді де «ұрлап» алуы мүмкін.
  9. Смартфоныңыздың экранын бұғаттап қойыңыз. Сонда өзіңізден басқа ешкім ақылды үй қолданбасын пайдалан аламайды.
  10. Компьютер, мобайл құрылғының бәріне құпиясөз қойып қойған дұрыс. Соның ішінде күрделі болуы керегін бұған дейін айтқан едік.
  11. Компьютердегі аккаунтыңыз негізгі болмауы керек және әкімші рұқсатына ие болмасын. Өйткені хакер компьютеріңізге «кірудің» жолын тапса да, ақылды үй жүйесіне кіре алмайтындай болуы керек.
  12. Роутерді алған кезде қойылған құпиясөз бен логинді ауыстырып тастаңыз. Wi-Fi қорғалуы үшін шифрлаудың WPA деген хаттамасын қолданған дұрыс.  
  13. Қорғаныс шешімі сенімді болсын. Ішіне вирус кіріп кетпейтін болуы қажет. Ол үшін антивирус орнатып қойыңыз.  
  14. Ноутбук не смартфоныңызды қоғамдық жердегі Wi-Fi желісіне қосқан кезде мәліметтеріңізді ұрлатып алу қаупі жоғары екенін ұста ұстаңыз. Мысалы желіге авторизация жасамай кіре алатын болса, демек оның қорғанысы әлсіз деген сөз. Сондықтан қоғамдық жерде жиі уай-фай қосатын болсаңыз, онда VPN қосып жүрген жөн. Сол арқылы ақылды үйді де, жеке деректерді де қорғайсыз.  
Сондай-ақ оқыңыз