«Самұрық-Қазына» топ-менеджерлері 2022 жылы 1,5 есе артық сыйақы алды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшылары 2022 жылы қордан жарты миллиард теңгеге жуық сыйақы алды. Бұл туралы 28 тамыз Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған құжатта жазылған.

KASE сайтындағы «Компаниялар туралы ақпараттар» бөлімінде «Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджменті 2022 жылы 406,5 миллион (406 496 960) теңге көлемінде сыйақы алды, деп жазылған.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша сыйақының жалпы сомасы 275,2 миллион теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп.

Қор сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, сыйақы төлеу үшін негізгі шарт – есепті жыл ішінде шоғырландырылған қорытынды пайданың болуы.

«Бір жыл ішіндегі жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы қол жеткізілген табыстарды материалдық көтермелеу және жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс нәтижелеріне қарай жылына бір рет төленеді, тұрақты сипаты жоқ және орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейді», – деп жазылған құжатта.

Айта кететіні, 2022 жылы қордың таза кірісі 18%-ға, яғни 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Қордың кірісі өткен жылдың соңында 14,78 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаеваның айтуынша, кірістің өсуі тазартылған алтынды сату көлемінің және экспортқа газ өңдеу өнімдерін сату көлемінің 48%-ға артуына байланысты.

«Өздеріңіз білетіндей, 2022 жыл оңай болған жоқ. Компаниялар жоғары инфляция, геосаяси қиындықтар жағдайында жұмыс істеді, қаңтар оқиғалары болды. Дегенмен, сыртқы қиындықтарға қарамастан, топтың 2022 жылғы операциялық және қаржылық нәтижелері жалпы алғанда жақсарды», – деген еді 22 маусымда қор жұмысының алдын ала нәтижелерін жариялаған Нәзира Нұрбаева.

Оның айтуынша, таза пайда «рекордтық» 1,9 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық.

Еске сала кетсек, «Самұрық-Қазынаның топ-менеджменті алты адамнан тұрады. 2023 жылдың сәуір айына дейін қорды Алмасадам Сәтқалиев басқарды.

Сонымен қатар топ-менеджмент құрамында Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор Ернар Жанаділ, Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Нәзира Нұрбаева, Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор Ернат Бердіғұлов, Құқықтық қолдау жөніндегі басқарушы директор Николай Казутин бар.

2023 жылдың сәуірінен бастап қорды Нұрлан Жақыпов басқарды, Елжас Отыншиев стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директор қызметіне тағайындалды.

Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар Кеңесі алты адамнан тұрады. Олар: Әлихан Смайылов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Әлібек Қуантыров, Тимур Сүлейменов, Нұрлан Жақыпов.

Сондай-ақ оқыңыз