«Бұл сот арқылы талап ету емес»: СІМ Bloomberg мақаласына түсініктеме берді

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Bloomberg.com сайтында жарияланған ақпаратқа түсініктеме берді. Айтуынша, мақаланы орыс тіліне аудару кезінде мәні бұрмаланған.

«Bloomberg агенттігінің мақаласына келсек, бұл – көптен бері шешілмей жатқан мәселе. Яғни, МАГАТЭ-ге мүше жекелеген мемлекеттердің агенттіктің басқару органдарында өкілдік етпеуіне қатысты екенін хабарлаймыз. Қазақстан агенттіктің тарихында алғаш рет МАГАТЭ-нің өңірлік топтарына кірмейтін және іс жүзінде МАГАТЭ-нің басқарушы органдарына сайлану құқығынан айырылған 17 елдің тізімін кодификациялауға қол жеткізді. Бұл тізімге Орталық Азияның барлық елі, Израиль, Непал, Бахрейн, Камбоджа және басқалары да кіреді», – деді Айбек Смадияров.

Осыған орай Қазақстан бұл мәселені шешу жөніндегі қарар жобасын МАГАТЭ-нің Венадағы бас конференциясының алдағы сессиясына енгізуді жоспарлап отыр.

«Ағылшын тіліндегі Bloomberg мақаласының түпнұсқасында дәл осындай хабарлама айтылған. Айта кетейік, бұл сот арқылы талап ету емес, консенсус қарарды енгізу. Қазақстан мүдделі елдермен және МАГАТЭ хатшылығымен бірлесіп, осы мәселені реттеу және ұйымға қатысушылардың барлығының консенсусына негізделген құқықтық тетікті табу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Біз соның ішінде ядролық бестік тарапынан үлкен қолдауға ие болдық», – деді СІМ ресми өкілі.

Bloomberg агенттігі жұма күні мақаласында Қазақстан ядролық салада шешім қабылдау үрдісіне араласуға ниетті екенін жазған.

Сондай-ақ оқыңыз