2024 жылы бюджет түсімі – 20,4 трлн, шығысы 24 трлн теңгені құрайды – Жамаубаев

Жарияланды
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев / Ukimet

Үкімет отырысында «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», заң жобасы талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге, 2025 жылы – 20,1 трлн теңге, 2026 жылы – 21,2 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.

2024 жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер тартылады. Бұл қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

«Яғни жолдарды, жылу, газ, сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауыл денсаулығын жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге жұмсалады», – деді ол.

2024 жылы бюджет тапшылығы Жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болжанады. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді.
2024 жылға арналған бюджет шығысы биылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 24 трлн теңгені құрайды.

«Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Яғни жалпы шығыстардың 41% құрайды. Оған арналған қаражаттар 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 9,9 трлн теңге болады», – деді Жамаубаев.

Шығыстардың өсуіне не себеп?

  • әлеуметтік төлемдерді: зейнетақы, жәрдемақы, стипендияларды индекстеу;
  • әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 61 жас деңгейінде қалдыру;
  • бала күтімі бойынша кезеңді 1,5 жасқа дейін ұлғайту;
  • гранттар саны мен стипендия мөлшерін ұлғайту;
  • азаматтық қызметшілерге, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтеріне еңбекақы төлеуді ұлғайту;
  • халық санының өсуі мен науқастар санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту.
    2024 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,8 трлн теңге көзделген. Ал бюджеттің жалпы мемлекеттік шығыстары 7,8 трлн теңгені құрайды.
Сондай-ақ оқыңыз