Қасым-Жомарт Тоқаев: Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі

Жарияланды
Конституция
Фото: GOV.KZ

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады. Ол Конституцияның жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылғанына тоқталды.

«Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз. Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ елдегі негізгі заң саяси жүйені демократияландыруды, «заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады» деп атап өтті. Оның айтуынша осындай институционалды реформаның бірі – Конституциялық Соттың құрылуы.

«Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды. Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», деп жазды Президент.

Еске салайық, Конституция күні елімізде мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді. Сондықтан бұл – демалыс күні. Әрі 2023 жылғы жаздың соңғы демалысы.

Сондай-ақ оқыңыз