Сот Болат Назарбаевтан 19 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Ақтөбе облысының ауданаралық экономикалық соты Болат Назарбаевтан 19 млн 451 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұл сома бұрынғы президенттің інісінен «Ақтөбе» Өндірістік Компаниясы» ЖШС-нің барлық мүлкін заңсыз иелену барысында сатылып кеткен 6 көлік үшін сұралып отыр.

Барлығын басынан бастап түсіндірсек. Кезінде Болат Назарбаев «Ақтөбе» өндірістік компаниясына» ақша құйған болып, зауыттың мүлкін қарыз есебінен өзіне аударып алады. Атап айтқанда, кәсіпорын баланстық құны 751 миллион 181 мың теңге болатын орасан жер учаскесі мен негізгі құрал-жабдықтары мен техникасы бар тұтас зауытты өз меншігінен шығарып, қарызын өтеуге береді.

Зауыттың одан бұрын да қарызы көп болған. «Ақтөбе өндірістік компаниясы» ЖШС-нің сол кездегі салықтық берешегі – 141 699 859 теңгені құраса, «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-на 35 миллиард теңгеден астам қарыз болған. Бірақ олардан бұрын президенттің бауырының қарызы маңыздырақ болып, зауыттың мүлкін сол иеленеді.

Компанияның қарызы 2013 жылғы 4 қаңтарда Назарбаевпен жасалған несиелік келісімге байланысты қалыптасады. Бұл келісім бойынша Болат Назарбаев «Ақтөбе өндірістік кәсіпорнына» айналым қаражатын толықтыру үшін 2013 жылдың 4 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 4 қаңтарына дейін бірыңғай транштармен 1,5 миллиард теңге беруге келіседі. Солайша 2020 жылдың 2 сәуіріндегі жағдай бойынша компанияның Болат Назарбаевтың алдындағы қарызы 1 млрд 200 млн 184 мың 75 теңгені құрайды.

2021 жылғы 20 қазандағы сот шешімімен «Ақтөбе өндірістік компаниясы» ЖШС банкрот деп танылады. Банкроттық жөніндегі менеджер құжаттарды зерттей келе «Халық банкі», «Сбербанк», «Qazaq Banki», «BankCenterCredit», «ForteBank» банктік көшірмелерінен Назабаевтың келісім бойынша уәде еткен ақшасын мүлде төлемегенін анықтайды. Екі жақты есепшот толтыру және қарыз қайтару кестесі жасалмаған болып шығады. Яғни Болат Назарбаев компанияға ешқандай ақша құймаған. ЖШС-не ешқандай қаражат салмай-ақ, компанияның мүлкін қарыз есебінде өзіне заңсыз аударып алған.

Кейін бұл мүлікті Болат Назарбаев Мүслім Өміряевке сыйлайды. Мүслім Өміряев сол кезде ауыл шарушылығы вице-министрі болған, ал 2011 жылы пара алған жерінен ұсталып, 10 жылға сотталған. Бұрынғы вице-министр мүлікті «Aktobe Silkway Logistics» ЖШС-нің жарғылық капиталына қосып жібереді.

2022 жылдың қыркүйек айында сот Болат Назарбаевтың кәсіпорынға ақша бермегені себепті, Өміряевтың бұл мүлікті «Aktobe Silkway Logistics» ЖШС жарғылық капиталына беру туралы шартын жарамсыз деп тапты. Сот барлық мәмілелер «мүлікті басқа кредиторлар алдындағы міндеттемеден қашу мақсатында» жасалған деп таниды. Солайша «Aktobe Silkway Logistics» компаниясынан мүлікпен бірге зауыттың жері мен ғимаратын, мүлкімен қоса қайтаруды талап етеді.

Кейін банкроттық жөніндегі басқарушы сотқа тағы арызданады. Назарбаевқа, Өміряевке, одан кейін Aktobe Silkway Logistics-ке өткенде компанияның алты көлігі: екі КАМАЗ, «FORLAND Bjl», ГАЗ, ЗИЛ және Daewoo Nexiagle көліктерінің сатылып кеткені белгілі болады. Олардың құны – 19 миллион 451 мың теңгені құраған. Банкроттық жөніндегі басқарушы бұл қаражатты Болат Назарбаевтан өндіріп алуды сұраған. Назарбаев сатылған көліктері үшін ақша алмағанын айтса, Мүсілім Өміряев сотқа бұл көліктерді сатып алғандардың адал екенін айтқан. Нәтижесінде сот көлікті сатып алғандарды расымен де адал сатып алушылар ретінде танып, 6 көліктің ақшасын Болат Назарбаевтан өндіріп алу туралы шешім шығарады.

Осы жылдың 18 сәуірінде Қарасай аудандық соты «Барыс» көлік базары орналасқан жер учаскесін сату туралы келісім-шарттарды жарамсыз деп танып, Болат Назарбаев «Барыс» базарынан айырылған болатын.

Ал 22 маусымда Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі мемлекет меншігіне өткен «Барыс» базарын қайтарып алуға арыз берген Болат Назарбаевтың шағымы аппеляциялық сотта қаралып, Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Назарбаевтың талабын қанағаттандырмағанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз