Қазақстандықтар тарапынан ресейлік ЖОО-на қызығушылық төмендеп келеді
Сібір университеттеріне Қазақстаннан келетін студенттер саны азайып, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін студенттер саны артқан. Бұл жайлы «Коммерсантъ» басылымы жазды.
Сібірдің жетекші университеттерінің мәліметінше, Қазақстан жастары үшін ресейлік университеттердің тартымдылығы төмендеген. Десе де, бұл елге Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келетін студенттер саны артқан. Сонымен қатар өңір университеттері Қытайдан студент татуға ерекше мән бере бастаған.
Көптеген жегілікті университеттерде оқуға қабылдау науқаны аяқталғанымен, кейбір оқу орындары кей жағдайларда, шетелден келген студенттер үшін қабылдау мерзімін желтоқсан айына дейін ұзартқан. Сонымен қатар, Сібір федералды округіндегі бірқатар университеттер шет елдерден келген талапкерлердің «географиялық» құрамы өзгергенін байқаған.
Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің (НТУ НТИ) оқу ісі жөніндегі проректоры Сергей Чернов баспасөз мәслихатында биыл оқуға түсуге өтініш білдірген 17 000 студенттің 3 мыңға жуығы шетелдік студент екенін айтады. Оның ішінде 2,5 мыңға жуық адам университетке қабылданған.
«Екінші жыл қатарынан Қазақстаннан келетін студенттер азайып, бұл мемлекет екінші орынға түсті. Ал бірінші орынға Өзбекстан шықты», дейді Чернов.
Новосібір мемлекеттік университеті ғана емес, сонымен бірге Омбы мемлекеттік университетінде де қазақстандық студенттердің саны азайған. «Бізде де Қазақстаннан келетін студенттер азайды» деген Омбы мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Елена Еременко. Бұл университетке келетін шетелдіктердің санына айтарлықтай әсер етті. Тіпті 2022 жылмен салыстырғанда шетелдік студенттер саны азайған.
Биыл Томск мемлекеттік университетіне 1150 шетел азаматы түскен. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен пара-пар. ТМУ қабылдау бөлімінің меңгерушісі Евгений Павловтың айтуынша, мұнда да қазақстандық талапкерлердің саны азайған.
«Біз Қырғызстаннан келген үміткерлердің санын екі есеге арттырдық. Бұл 100-ден астам адам. Өзбекстан мен Тәжікстан өз көрсеткіштерін сақтап қалды», – дейді Павлов.
2023 жылы сонымен бірге Красноярск Сібір федералды университетіне ТМД елдерінен келген шетелдік талапкерлердің саны аздап азайған. Бұл университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Маргарита Кузнецованың айтуынша, нарыққа Моңғолия мен Түркіменстан шыққан. Бұл өзгерісті Томск политехникалық университетінің кадрларды іріктеу бөлімінің меңгерушісі Александр Денисевич те растап отыр.
«Биылғы жылы біз Түркіменстан тарапынан сұраныстың айтарлықтай өскенін байқадық», дейді университет өкілі.
Қазақстан жастары арасында ресейлік білімге қатысты сұраныстың не себепті төмендей бастағанына қатысты болжамдар айтылмайды. Ресейдің Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары Ресейде білім алып жатқан шетелдік студенттер саны артқан. 2021 жылдың 1 қазанында олардың саны 347 мың болса, бір жылдан кейін – 362 мың болған. Ал 2023 жылы Ресей үкіметі шетелден келетін студенттерге берілетін квоталар санын 30 мыңға дейін арттырыпты.
Десе де, Қазақстан Ресейдің жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттер саны бойынша бірінші орында тұр. Осы жылдың шілде айында Ресейдің Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындары мен олардың шетелдегі филиалдарында бакалавриат, мамандандырылған және магистратура бағдарламалары бойынша 61 мың Қазақстан азаматы білім алып жатқанын хабарлады. Екінші орында 48,7 мың студентпен Өзбекстан тұрса, Қытайдан келіп оқып жатқан студенттер саны 32,6 мыңды, Түркіменстаннан келгендер – 30,6 мыңды, Тәжікстаннан келгендер – 23,1 мыңды құраған.
«Қазақстандық студенттер көбінесе дизайн, менеджмент, экономика, қолданбалы математика және физика, жалпы медицина, қолданбалы математика және информатика сияқты мамандықтар мен оқу бағыттарын таңдайды», – деп мәлімдеді министрлік.
Ranking.kz мәліметтері бойынша 2018-2019 жылдары Ресейдің жоғары оқу орындары мен колледждерінде қазақ мектебін бітірген 65,7 мың түлек оқыған.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың күзінде Қазақстанда Ресейдің «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті (Алматы қаласында) мен И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің (Атырау қаласында) филиалдарына ашу туралы Үкімет қаулысы қабылданды.
«Елімізде ресейлік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы қазақстандық жастарға елден шықпай-ақ жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының дипломын алуға мүмкіндік береді», деп хабарланған болатын.