Қазақстандықтар eGov.kz арқылы өз атына несие мен микроқарыз рәсімдеуге тыйым сала алады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Қазақстандықтар eGov.kz арқылы несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарта алады. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.

«Достар, бүгін мен жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Енді eGov mobile мобильді қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш бере аласыздар. Яғни, бүгіннен бастап әрбір қазақстандық өз еркімен несие мен микроқарыз рәсімдеуге тыйым сала алады. Қызметке азаматтың тек өзі өтініш береді», деп мәлімдеді министр.

Министрдің айтуынша, бұл шектеулер 6 айға белгіленеді және мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде алынып тасталады. Тыйымды азамттар кез келген уақытта алып тастай алады. Ол үшін банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беруі қажет.

Бұл тетік арқылы азаматтар өздерін қаржылай сақтандыра алады.

«Бұл функция ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігі үшін іске қосылды. Біз осы арқылы ел азаматтарын қарызды заңсыз рәсімдеуге тырысатын алаяқтардан қорғап, көмектескіміз келеді. Айта кетейік, дәл осындай сервис Бірінші кредиттік бюроның сайтында ақылы негізде қолжетімді. Электрондық үкімет порталында өтінім берген кезде кредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту тегін жүзеге асырылады. Біз Бірінші несиелік бюро мен Электрондық үкіметтің жүйелерін біріктірдік, яғни, бұрын азаматтарымыз бюро арқылы өтініш беретін болса, ал енді несиеден бас тартуды eGov.kz аясында рәсімдей алады. Қазір бұл функция қолжетімді», дейді министрлік басшысы.

Қарыз алудан ерікті түрде бас тарту сервисі eGov.kz mobile мобильді қосымшасының басты бетінде, «Танымал қызметтер» бөлімінде қолжетімді. Осыған ұқсас қызметті eGov.kz порталындағы «Азаматтарға» – «Кеден және салықтар» – «Экономика және қаржы» бөлімінен табуға болады.

«Бұл сервис жеке тұлғаның банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды жою құқығын бекітуді және қарыз алушының кредиттік тарихында несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы ақпарат болған кезде жеке тұлғаға несие беруге банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін тыйым салуды көздейтін заңнамалық актілерге әзірленген түзетулер шеңберінде іске асырылғанын атап өткім келеді», дейді Мусин.

Сервис ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, Бірінші кредиттік бюроның және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараттық жүйелерінің интеграциясы нгеізінде іске қосылған.

Сондай-ақ оқыңыз