Еліміздегі екі қор биржасы бірігуі мүмкін

Жарияланды

Еліміздегі екі қор биржасы бір ортылқтан басқарылуы мүмкін. Бұл жайлы Қасым Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты.

Мемлекет басшысы нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет екенін айтты.

«Экономиканы қаржыландыру көздері жайлы сөз болғанда Ұлттық қордың қаражатын пайдалану қажеттігі туралы жиі айтылады. Сарапшылар Қордың жинақтау және дамыту рөлінің арақатынасы жөнінде дауласып жатады. Әрине, қаржыны жинақтап, сақтау негізгі міндет болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражаты күтпеген сын-қатерлерге тап болған жағдайда қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге едәуір кепілдік береді. Дегенмен Қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады. Тіпті, қазірден бастап соған жұмсау керек. Ұлттық қор әлден-ақ бірқатар ірі жобаны қаржыландырылып жатыр. Алайда сол жобаларды іріктеу ісінде жүйелілік жетіспейді. Сондықтан Ұлттық қордың әрбір теңгесі айтарлықтай пайда әкелуі үшін барлық ұсынысқа жан-жақты сараптама жасалуын қамтамасыз ету қажет», деді Президент. 

Мемлекет басшысы капиталды қайтару туралы заң аясында құрылып жатқан қор «ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі бола алатынын, түскен қаржының бәрі елдік мәселелерді шешу үшін барынша тиімді және ашық жұмсалуға тиіс екендігін айтты.

«Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту. Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет», деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі – жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Президент Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз