Бұл менің отбасыма жасалған кезекті ақпараттық шабуыл – Тұрлыханов
Фото: Тұрлыхановтың жеке парақшасынан
Олимпиада чемпионы, мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлы Әлиханға қатысты тараған видеоға пікір білдірді. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында депутат «бұл менің отбасыма жасалған кезекті ақпараттық шабуыл» деп мәлімдеді.
Мәжілісмен бұл оның әулеті айналасындағы алғашқы оқиға емес екенін атап өтті.
«Осындай оқиғалардың заңдылықпен қайталануы менің көңіліме еріксіз ой салады. Мен өз тарапымнан балаларыма толықтай әкелік, қазақы тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай азаматшалар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы, менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді», деп жазады ол.
Бұл оқиғаны депутат отбасына жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп бағалайды.
«Видеоны аңғарған адамға менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді. Сіздерге түсінікті болу үшін видеоның толық нұсқасын жолдап отырмын. Осы болған жағдайды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын», деді ол.
Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та Тұрлыхановтың ұлы Әкежан Ева есімді қызды ұрып жіберді деген ақпарат тараған болатын.
_eva._t никінің иесі Ева деген қыз Instagram желісінде депутаттың баласы өзін итеріп жібергені түсіп қалған видео жариялаған. Бейнеден ірі денелі жігіт артынан жүгіріп келіп, өзін жұлқылай бастаған қызды итеріп жібергенін байқауға болады. Қыздың айтуынша, бұл оқиға екі ай бұрын болған.
Ал Алматы қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша ішкі істер органдарына арыз түспегенін хабарлады. Дегенмен, оқиға қатысушылары анықталған. Олар бұл шаруа сол күні-ақ шешілгенін, ешкімге арыз-шағым жоғын айтып, полицияға арызданудан бас тартқан.
Депутаттың балаларына қатысты дау бұған дейін де шыққан болатын. Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа биыл ақпан айында Алматыда адвокаттар Анна Димитриевич пен Олег Черновқа шабуыл жасады деген айып тағылған. Оқиға қаладағы мекемелердің бірінде жас жігіт өзінің құрбысын адвокаттардың көзінше ұрып-соққан соң болған. Адвокаттар жәбірленушіні арашалаймыз деп, өздері соққыға жығылған.
Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан депутаттың баласы шілде айында белгісіз бағытта қашып кеткен. Кейіннен басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны ол 15 тәулікке қамалды.