Өгей әкесімен тұратын балалардың отбасы тексеріледі – Бас прокуратура

Жарияланды
Фото: Бас прокуратура

Өгей әкесімен тұратын балалардың отбасы тексеріледі. Бұл жайлы Бас Прокурордың төрағалығымен балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша министрліктер басшылары мен Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен өткен ведомствоаралық кеңесте айтылды.

Кеңесте балалар жарақаттануының себептері, кәмелетке толмағандар арасындағы балалар суицидінің және қылмыстың алдын алу жөніндегі жұмыстар талқыланды.

«Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу саласында қолайсыз отбасыларға, көп балалы отбасыларға және балалар өгей әкесімен бірге тұратын отбасыларға іс жүзінде бару қамтамасыз етіледі», делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі татартқан ақпаратта.

Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау және отбасыларға қолдау көрсету үшін IT-технологияларды пайдаланудың жаңа тәсілдері қарастырылған. Бұл орайда елімізде құқық бұзушылықтың алдын алуға «Е-превенция» жобасы көмектеспек. Бұл бағдарлама жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелерінде қиын жасөспірімдердің өмір сүру жағдайларын, бос уақытын, білім алу мүмкіндіктерін, әлеуметтік мәселелердің болуын зерттеуге мүмкіндік береді.

Жүйе мүдделі органдар: полиция, білім беру, әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жоба қазіргі уақытта елордада және Ақтөбе облысында сыналып жатыр.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдардың 80-нен астам дерекқоры біріктірілген «Отбасының цифрлық картасының» мүмкіндіктерін ұсынған. Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева зорлық-зомбылық, қатыгездік, балалардың терезеден құлауы, балалар мекемелерін лицензиялау және буллинг мәселелері бойынша 50-ден астам түзетулерді қамтитын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңнамалық сипаттағы ұсыныстар берді.

Кеңес соңында Бас Прокурор Берік Асылов пен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева өзара ынтымақтастық туралы ортақ меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз