Инвесторларға шағымын ұмытқан ба: Үкімет Қашағандағы өнім көлемін 6 есе арттырудан үмітті

Жарияланды
Фото: shutterstock и freepik

Қашағанның өндірістік әлеуеті тәулігіне 1,6 млн баррель мұнайға жетуі мүмкін. Бұл – жылына 75 млн тоннаға жуық мұнай. Ал, 2022 жылы 12,7 млн тонна болған еді. Бұл туралы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада айтылды.

Үкімет басшысы қатысқан жиында жиында Солтүстік Каспий жобасының операторы – North Caspian Operating Company консорциумы алдында өндірісті одан әрі ұлғайту бойынша маңызды міндеттер тұрғаны атап өтілді. 

«Барлау жұмыстарының басты нәтижесі Қашаған кен орнының коммерциялық ашылуы туралы бүкіл әлемге жариялау болды. Бұл кен орнының ерекшелігі – мұнда орасан зор мұнай мен газ қоры болғанымен, оны игеру жұмыстарының күрделілігі», — деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Айтуынша,  Қашаған жобасының талаптарына сәйкес келетін арнайы жабдықтарды жасау үшін инновациялық технологияларға бірталай күш пен қаражат жұмсалған.

Ақпаратқа сәйкес, бүгінде шамамен 90 млн тонна мұнай, 55 млрд текше метр газ өндірілді, $60 млрд-тан астам инвестиция тартылды, жергілікті қамтуды дамытуға $17 млрд-тан астам инвестиция салынды, 10 мыңға жуық адам, ал құрылыс кезеңінде 40 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

«Кен орнында газ өңдеу қуатын дамыту да өте маңызды мәселе. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырма бергені белгілі. Біз оны белгіленген мерзімде әрі толық көлемде орындауымыз керек. NCOC ұжымының алға қойған мақсаттарына жетуі үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі бірлескен жоспарларды іске асыруда әрқашан сындарлы диалогқа ашық және Консорциумның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі.

с-шарада NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар да сөз сөйледі.

«Мен қазіргі жетістіктерімізді мақтан тұтамын және ҚР Үкіметімен бірге бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз деп үміттенемін. Оператор ретінде NCOC компаниясы Қазақстан экономикасына барынша пайда әкелуге және елдің қарқынды дамуына лайықты үлес қосуға ұмтылады», — деді ол.

Еске салайық, Қазақстан үкіметі Қашаған ірі мұнай кен орнын игерумен айналысып жатқан акционерлерге құны  13 миллиард долларды құрайтын даулы мәселеге қатысты арбитражға жүгінетіні туралы жазған едік. хабарлады. Бұл туралы осы мәселеден хабары бар ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Bloomberg агенттігі хабарлаған.

Қашағанға 55 млрд доллар инвестиция салған Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE компанияларын Үкімет рұқсат етілмеген шығындар жұмсады деп айыптап, олардың үстінен сотқа шағымданған болатын.

Орталық Азиядағы ірі мұнай өндіруші елдегі осындай дау өнімді бөлу туралы күрделі келісімдері бар ірі энергетикалық жобаларды әзірлеудің күрделі екенін көрсетеді. Shell бас атқарушы директоры Ваэль Саван өткен айда компанияның Қазақстандағы болашақ шығындары Үкімет қаншалықты деңгейде дұрыс инвестициялық климатты қамтамасыз ете адатынымен байланысты болатынын мәлім еткен.

Қазақстан тарапының пайымынша, Қашағандағы серіктестер 13 миллиард доллар шығынды шегеруге тиіс емес. Егер осы дауда мемлекет табысқа жетсе, онда ел үкіметі аладан түсетін кірістің қомақты үлесін ала алады.

Сәуір айында Қазақстан Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарын игеріп жатқан ірі етелдік мұнай компанияларымен соттасып жатқанын Bloomberg басылымына сілтеме жасап, «Курсив» жазған болатын. Шағым сомасы миллардтаған долларды құрайтыны да хабарланған еді.

Сейсенбі күні Үкімет кулуарында журналистер сауалына жауап берген министр Алмасадам Сәтқалиев бұл жағдайды растады.

«Үкіметтің уәкілетті органы PSA компаниясының Қарашығанақ және Қашаған компанияларына қарсы халықаралық арбитражға шағым түсірді. Түсініктеме беруде шектелемін. Бір ғана айтарым, бұл сот істері қазақстандықтардың мүддесі үшін жасалған. Онда әрқайсы 3,5 және 13 миллиард доллардан бар», деді Энергетика министрі.

Сондай-ақ оқыңыз