Қытай Қазақстанның бас сауда серіктесіне айналды: еліміздің экспорттық және импорттық бағыты қалай өзгеруде?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2021 жылдан бастап еліміздің экспорттық және импорттық бағыты біртіндеп өзгере бастады. Бұған әрине – құбылып жатқан экономикалық ахуал – геосаяси шиеленіс, пандемия, жаһандық әсерлер себеп.

Әрине, Еуроодақ, Қытай және Ресей ұзақ уақыт бойы Қазақстанның басты сауда серіктестері болып келді. Әлі де өзгеріссіз қалып отыр. 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлардың экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға өсіпті (12,11 млрд доллардан 12,12 млрд долларға). Қызметтердің экспорты бірінші жартыжылдықта 2,1 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың 6 айындағы көрсеткіштерден 16,7 пайызға асып түсті (1,8 млрд доллар). Сыртқы нарықтарға жеткізілетін дайын қазақстандық өнімдердің үштігіне мыс пен мыс катодтары, ферроқорытпалар және уран кіреді. 

ЕО – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. ЕО-мен сауда байланысы Қазақстанның жалпы саудасының 30 пайызын еншілейді. Бұл бекем әріптестік алдағы уақытта дами түспесе, кеми қоймас. Өйткені жаһандық перспективалардың даму траекториясы мен басым бағыттардың көрініс беруі осыған алып келе жатыр. Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-маусымда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға артып, 20,2 млрд долларға жетті.

Соңғы уақыттары Италияның үлесі 13,0 пайыздан 19,0 пайызға артқан. Бұл өз кезегінде мұнай (2,1 есе өскен), бидай (5 есе) және металл экспортының өсуімен байланысты. Қытай, Ресей, Нидерландыға жасалған экспорт та айтарлықтай артқан. Бірақ олардың жалпы экспорт көлеміндегі үлесі өзгермеген деуге болады. Сол аралықта біздің өнімдеріміздің Оңтүстік Корея, Сингапур секілді жаңа тұтынушылары да пайда болып үлгерді.

Импорт бойынша Ресей үлесінің күрт қысқарды, Қытай үлесі күрт өсті. Ұлттық банктің хабарлауынша, басқа ірі импорттаушылар бойынша (Германия, АҚШ, Түркия, Франция және Италия) жеткізілімдер өсе түскен. Сондай-ақ Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдерден келетін импорт та айтарлықтай көбейген. Өзбекстан импортының үлесі біршама төмендеген.

Тауарлық құрылымда ресейлік импортқа аралық тауарлар (бензин, дизель отыны, мұнай мен газ құбырларына арналған трубалар) мен тұтынушылық тауарлар жеткізілімінің өсуі қолдау көрсеткен. Әкелінетін тыңайтқыш, ірі үй техникалары, жиһаз, киім, тұрмыстық химия көлемі едәуір қысқарды. Қытай импортына электроника, тыңайтқыш, киім-кешек тауарлары серпін беріп тұр. Ал Қазақстанға автокөлік және оның құрамдас бөліктерін жеткізу бойынша Оңтүстік Корея, Қытай және Жапонияның алдына түсе қояр мемлекет жоқ.

Орталық Азиямен де сауда-саттық қатынасы біршама ұлғайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша көрші елдермен сауда қатынасының жалпы айналымы 8 млрд долларға жақындаған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға өсім бар дегенді аңғартады. Дәл қазір Қазақстан ОА елдері үшін – сенімді жеткізуші, әрі сенімді серіктес. Мәселен, былтырдың өзінде өңір елдеріне Қазақстаннан 1 млрд доллардың бидайы жіберілген.

«Біз тек бидай экспортына ғана басымдық бермейміз. Өңделген өнімдер, ұн, ұн өнімдері, макарон сияқты өнімдер де бар. Тауар өндірушілерді алға жылжытатын қажетті құралдар да бар», деген еді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

ТОП-5 үрдіс: Экономикалық зерттеулер институты Қазақстанның сыртқы саудасына қатысты 5 негізгі үрдісті анықтаған. Олар ең бірінші кезекте тауар айналымының рекордтық көлемін атап өтеді. Бірінші жартыжылдықта Қазақстанның сыртқы саудасы тәуір өсіп, тауар айналымы 67,2 млрд долларды құрады, бұл 2022 жылдың бірінші жартыжылдығынан 4,3 пайызға және алдыңғы (2013 жылдың бірінші жартыжылдығы) рекордтан 3 пайызға жоғары. Айта кетейік, биылғы жылдың рекорды бұрынғыдан өзгеше, 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР экспорты қазіргі жеткізілімнен 12 пайызға жоғары болды.

Сонымен қатар институт бас сауда серіктестінің ауысқанына назар аударады.

«Осы жылдың мамыр айынан бастап Қазақстанның бас сауда серіктесі Қытай болып есептеледі (13,6 млрд доллар). Қазіргі геосаяси жағдай осы жылы ресейлік тауарлар импортының 10,4 пайызға төмендеуіне (өткен жылғы рекордтан кейін), ал Қытай импортының 52,9 пайызға өсуіне әкелді. Көбінесе, Ресейлік көлік құралдарын (-50 пайыз), компьютерлік және электрондық өнімдерді (-51 пайыз), электр жабдығын (-26 пайыз), металл бұйымдарын (-26 пайыз), жиһаздарды (-27 пайыз), резеңке және пластмасса бұйымдарын (-20 пайыз) сатып алу көлемі азайды. Ресей Федерациясымен өзара сауданың оң өсу қарқыны негізінен қазақстандық тауарлардың көршіміздің нарығына экспортының жақсы өсу деңгейінің әсерінен сақталып тұр (2023 жылдың бірінші жартыжылдығында +38,2 пайыз)», дейді институт сарапшылары.

Мұнайдан түсетін табыс көлемі 17 пайызға төмендеді. Бұл – үшінші үрдіс. Институттың хабарлауынша, мұнай түсімінің төмендеуі елдің жалпы экспортының 10 пайызға төмендеуіне әкелді. Басқа негізгі позициялардың ішінде мыс катодтары мен ферроқорытпаларды (-26 пайыздан), темір рудасын (-28 пайыз), табиғи газды (-28 пайыз), күкіртті (-70 пайыз), сұйытылған мұнай газдарын (-42 пайыз) сатудан түсетін экспорттық түсімнің төмендеуін атап өтеді.

Дайын ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 10 пайызға жоғарылады. Бұл бағыт негізінен Ресейге (+35 пайыз) және Қырғызстанға (+36 пайыз) экспорттың өсуі есебінен өсім көрсеткен. Тауарлар  арасында минералды суларды, темекіні, шоколадты және кондитерлік өнімдерді, мұздатылған балықты, күшейтілген спирт сусындарды жеткізудің артуы байқалады.

Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметі берген мәліметті де салыстыра айтып өтейік. Осы жылдың алғашқы жартысында өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,56 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда (1,49 млрд доллар) 4,7 пайызға жоғары. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты 80 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда (67,8 млн доллар) 18 пайызға жоғары екен.

Жалпы, әдепкі 6 айда қазақстандық агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 5 пайызға (2,6 млрд доллардан 2,7 млрд долларға) көбейген. Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстан сыртқа сататын 5 агроөнеркәсіптік өнімге – бидай, ұн, күнбағыс майы, зығыр тұқымы және арпа кіреді.

Атап өтерлік бесінші жағдай – ЕО елдері қазақстандық көмірді сатып алуды 2 еседен астам арттырды.

«Еуроодақ елдерінің тоннасында былтырғы жартыжылдықтағы 1,6 млн тоннаға қарағанда Қазақстаннан шамамен 3,3 млн тонна көмір импортталды. ЕО елдерінің арасында біздің тауар алғаш рет Эстонияға, Чехияға, Германияға, Литваға және Нидерландыға жеткізілді. Алайда негізгі тұтынушылар Польша (ЕО көлемінен 42 пайыз) және Латвия (37 пайыз) болып саналады. Жалпы, біздің көмір Индонезия (120 мың тонна), Үндістан (77 мың тонна), Марокко (73,5 мың тонна), Оңтүстік Корея (10 мың тонна) және Израиль (3,8 мың тонна) сияқты экзотикалық елдерге де жеткізіле бастады», деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз