«Қазтрансойл» Каспий теңізі арқылы Баку портына мұнай жеткізуді 12 есеге арттырды

Жарияланды

«Қазтрансойл» АҚ Баку портына қарай экспортталған отандық мұнай көлемін 12 есеге арттырды. Осы жылдың сегіз айы бойынша  Ақтау портынан сыртқа  2 млн 164 тонна мұнай тасымалданған.

«Қазтрансойл» өкілдерінің хабарлауынша, аталмыш көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 759 мың тоннаға немесе 54%-ға артық.

Сонымен қатар, Қазақстандағы мұнай инфрақұрылымының алпауыты бұл көрсеткіштің  Теңіз кен орнынан 520 мың тонна, Доңға кен орнынан 252 мың тонна, Бозашы түбегінің кен орындарынан 1 млн 385 мың тонна және Қашаған кенішінен 7 мың тоннаға көп екенін жеткізді.

Отандық мұнай «саудасының қызуына» қатысты бірқатар себептерді ашып айтуға болады. Негізінен алғанда, Қазақстанның қара алтына деген сұраныстың артуы Бакуге жөнелтілетін шикізат көлемінің көбеюімен тығыз байланысты.  Бұл жайында «Қазтрансойл» АҚ:

«Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемінің ұлғаюы Баку портына жөнелтілетін шикізат көлемінің 69 мың тоннадан 838 мың тоннаға дейін ұлғаюымен байланысты, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 12 есе көп. Сонымен қатар, есепті кезеңде Ақтау портынан Махачкала портына қарай 1 млн 327 мың тонна мұнай жөнелтілді», – деп пікір білдіреді.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырды.

Осы бағыт бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы бір ортада бас қосты. Олар Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келіссөз жасаған еді.

Естеріңізде болса,  «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың І жартыжылдығына тән өндірістік қорытынды шығарғанын жазған едік. Компания магистральдық мұнай құбырларымен бойынша тасымланданған өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7%-ға ұлғайып, 21 млн  353 мың тонна болғанын айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз