Көктемде «асфальт қармен бірге шайылып кетпес үшін» – Әлихан Смайылов жол сапасын арттыруды тапсырды

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Премьер-Министр көктемде «асфальт қармен бірге шайылып кетпес үшін» жолдардың тиісті сапасын қамтамасыз етуді талап етті. Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында жол сапасын жақсарту мен жаңадан құрылған Көлік министрлігінің алдына қойылған міндеттер пысықталды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы жолдардың сапасы жиі сынға ұшырап жататынын атап өтті.

«Тұрғындардан түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Смайыловтың айтуынша, елді мекендерді «сыртқы әлеммен» байланыстыратын жолдарға ерекше назар аудару қажет, себебі адамдардың өмірі мен денсаулығы осындай жолдардың болу-болмауы немесе олардың жай-күйіне байланысты.

Премьер-Министр жолдарды жобалау және салу, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау мәселелерін кешенді түрде шешу қажет екеніне, жаңа құрылған Көлік министрлігінің алдында тұрған мінде те осы екеніне тоқталды.

«Ведомствоның алдына жол құрылысы саласын қайта құру бойынша нақты міндеттер қойылды. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының сапасыз жүргізілетін жол-құрылыс жұмыстарына жол бермеу, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу жөніндегі рөлін күшейту қажет. Сондай-ақ талаптарды қатаңдатып, жаңа нормативтік құжаттарды қабылдау қажет», — деді Үкімет басшысы.

Ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда бірінші кезекте 2 мың шақырымға арналған үш жоба тұр. Олар бойынша өте ауқымды жұмыс жүргізілген. Бұл «Ресей Федерациясының шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда», «Жезқазған – Қарағанды» және «Сарыағаш қаласын айналып өту» трассалары. Кейбір учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, ал басқалары бойынша жұмыстар 2024 және 2025 жылдары басталады деп күтілуде.

Жергілікті жолдарда 70 мың шақырым жолдың 85%-ы – нормативтік жағдайда. Биыл әкімдіктер 4,2 мың шақырым жолда жөндеу жұргізіп жатыр. Жалпы 2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Еске саламыз, Көлік министрі Марат Қарабаев 10-11 қыркүйек күндері Алматы облысынан Өскеменге дейін автокөлікпен жүріп өтіп, жол құрылысының барысы мен сапасын бақылап қайтқан еді. Сонымен бірге Көлік министрі Шамалған станциясының айналма жолы құрылысын жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды

Сондай-ақ оқыңыз