Құрылтайшысы өзгерген Jusan банк қайта тіркеуден өткенін хабарлады
«First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамының қайтадан мемлекеттік тіркеуден өткені жайлы компания Қазақстан қор биржасына хабарлады.
.Жарияланған құжатта «Жусан бактің» ҚР заңнамасына сәйкес заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден қайта өткені айтылады.
10 тамыз күні Ғалымжан Есенов Jusan Bank-тің басқарма төрағасы болып сайланғанын хабарлаған едік.
Ғалымжан Есенов Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланса, директорлар кеңесінің құрамын Жарқынбек Азбеков кірген. Ал Санжар Жамалов тәуелсіз директор ретінде лауазымын сақтап қалған.
Сонымен қатар Jusan Bank және акционерлер Ғалымжан Есенов пен Jusan Technologies Ltd (JTL) арасындағы бітімгершілік келісімін мақұлдаған. Келісімге сәйкес, JTL активтері Қазақстан Республикасының юрисдикциясына қайтарылып, келісім аясында Қазақстан Республикасы, Jusan Technologies Ltd және Ғ.Есеновке қатысты Қазақстан Республикасындағы, АҚШ пен Ұлыбританиядағы барлық сот процестері тоқтатылған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Курсив» Jusan Bank-тің құнды қағаздарына қатысты Bloomberg жариялаған ақпаратты бөліскен болатын. Оған сәйкес, Jusan Bank акцияларының 20%-ын иеленіп келген Ғалымжан Есеновтің иелігіне өтетінін жазған едік.
Бұдан бөлек, банк төңірегінде, оны мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне, активтері мен қаржылық кешеніне қатысты пікірталастар болды. Jusan bank Jusan тобына тиесілі активтердің Қазақстандық юрисдикцияға қайтарылуын құптайтынын мәлім етті.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараевқа «Elge qaitaru» қоғамдық қорының директоры Оразалы Ержанов өзінің әлеуметтік парақшасында хат жолдап, болашақта «Ғалымжан Есенов Jusan банк-ті мемлекетке қайтара ма?» деген сауал тастады?
Сондай-ақ Әділет министрінен мұндағы Қазақстанның мүддесі қандай екенін сұраған. Сол жолы:
«Осы негіздемелік келісімнің қатысушысы ретінде Қазақстан Республикасының мүддесі қандай болмақ? Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның болашақ мүшесі ретінде 32 позиция бойынша Jusan банкті басқа активтерімен бірге иеленген Ғ.Есеновтың банкті мемлекеттің меншігіне өткізу мәселесін көтересіздер ме?» – деген еді «Elge Qaitaru» қорының төрағасы.
Бұл хатты автор E-otinish платформасы арқылы ресми түрде жолдады. Күллі қазақстандықтар үшін қызық бұл сұраққа Әділет министрлігін ресми жауабы жайлы ашық дереккөздерде ақпарат байқалмады.