Көмірсутегі экспортын арттыру және геологиялық барлау ауқымын кеңейту: Президент ҚМГ басшысына тапсырма берді

Жарияланды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

ҚМГ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компания қызметінің нәтижесі жөнінде мәлімет беріп, осы жылдың 8 айында мұнай және газ конденсатын өндіру, мұнай тасымалдау және қайта өңдеу көрсеткіштері бойынша өсім бар екенін атап өтті.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнайдың отандық бренді KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) өндірісін бастаған.

«Қазіргі таңда KEBCO мұнайының экспорт көлемі тұрақты түрде артып келеді. Бұл ретте KEBCO мұнайының бағасы биылғы тамыз айында Brent мұнай маркасының бағасынан асып түсті», деді Мырзағалиев.

КМГ басшысы сонымен бірге президентке компанияның танкер флотын кеңейту, соның ішінде Каспий теңізі мен басқа да ашық теңіз акваторияларында энергетикалық ресурстарды тасымалдауға арналған ірі тоннажды танкерлер санын көбейту жұмыстары жөнінде баяндады.

Биыл мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай жөнелту қарқыны, соның ішінде күзгі жиын-терін маусымында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін қамтамасыз етуге «ҚазМұнайГаз» компаниясынан егін жинау науқанында 426 мың тонна дизель отыны бөлінген.

ҚМГ басшысы ұлттық компанияның өңірлерде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларына да тоқталып өтті. Атап айтқанда, Президентке Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жаңа су тұщыту зауытының құрылысы басталғаны және Астрахан – Маңғышлақ магистральды су құбырын реконструкциялау жұмыстарының барысы жайлы айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық  жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортын арттыру және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ Президент мұнай мен газды терең өңдеу саласына баса мән беру маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз