Қазақстанда тергеу мен соттан жасырынғаны үшін 2 мыңнан аса адамға іздеу салынған
Фото: kursiv.media
Қазақстанда 2 372 адам тергеу мен соттан жасырынып жүр. Жалпы 10 700 адам іздестіріліп жатса, соның ішінде 2 176 кісі хабар-ошарсыз жоғалған. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті осындай деректерді жариялады.
Жоғалған адамдардың басым бөлігі: Алматы қаласы, Қарағанды, Павлодар, және Алматы облысының тұрғындары. Көбіне 30 -дан 49 жас аралығындағы ер адамдар әртүрлі жағдайда жоғалады (77%).
Соның ішінде 1935 адам үйден шығып оралмаса, 74 кісі автокөлігімен бірге жоғалған. Жұмыстан үйге оралмағандардың қатары -36.
Ал сот пен тергеуден жасырынып жүрген негізінен ер-азаматтар. Олардың көпшілігі алаяқтық пен ұрлық жасап, кісі өлтіріп қашып жүр.
Соның ішінде:
- Алматы қаласында (514)
- Астана қаласында (185)
- Шымкент қаласында (155)
- Алматы (143)
- Қарағанды (140) облыстарында іздестіріліп жатыр.
Бұған дейін Бас прокуратура Қазақстанда аса ауыр қылмыс жасаған 300-ге тарта адам іздеуде жүргенін хабарлаған. Құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде соңғы 3 жылда іздеудегі тұлғалардың саны 5 мыңнан 2,5 мыңға дейін, екі есе төмендеген.