Баспана қымбаттады: бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 4,4%-ға өскен

Жарияланды
Фото; архив kursiv.media

Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй нарығындағы бағаның өскенін хабарлады. Бір жыл (2022 жылғы тамызға қарағанда биылғы тамызда) көлемінде жаңа тұрғын үйлер бағасы 4,4% өсіп, пәтерлерді қайта сату бағасы 2,9% төмендеген.

Сонымен қатар, бюро абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы тамызда 17%-ға артқанын мәлімдеді.

Өңірлер бойынша жаңа үйлердің бағасы бір жылдық мәнде Ақтауда – 18%, Семейде – 16%, Павлодарда 15,5% қымбаттаған.

Анықтағанымыздай, жаңа үйдің сатылым бағасы бойынша көш бастаған Ақтау қаласындағы 114.08 м² болатын 3 бөлмелі пәтер бағасы 22 816 000-нан басталады екен.

Елімізде қолданыстағы пәтерлер бағасының өскенін де статистика сандары айғақтайды. Баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (15,5%) қалалары тұр.

Мәселен, үй сату хабарламалары жарияланатын портал дерегінше, Ақтөбенің қолданыстағы  92 м² болатын 3 бөлмелі пәтерінің алу бағасы – 30 000 000 теңгеге тең.  Үй бағасын айқындайтын аудан, аула, құрылыс сапасы, орналасқан аймақ секілді жанама факторлардың бар екенін ескерсек, баспана  бағасының, шын мәнінде қымбаттағанын байқауға болады.

Пәтерді жалға беру бағасы да елімізде «аспандап тұр». Биылдыққа, бюро мәліметінше, тұрғын үйді жалға беру нарығында – Көкшетау (37,9%), Қонаев (36,1%), Ақтөбе (34,7%) қалалары алға шыққан.

Бұған дейін, еліміздегі риэлторлар қауымдастығының өкілі Нина Лукьяненко, алдағы 3-5 жылда пәтерлердің бағасы көтеріле түседі деп мәлімдегенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз