2019 жылдан бері жүзден аса киножобаға бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген
Фото: shutterstock.com
2019 жылдан бері мемлекет тарапынан 100-ден астам киножобаға қолдау көрсетілген. Оның арасында 47 толықметражды фильм, 25 деректі фильм, 24 қысқаметражды фильм және 8 анимациялық фильм бар. Бұл туралы Eurasian Film Market халықаралық кино форумында ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали айтты.
Бүгін Алматыда кинонарық өкілдерінің басын қосқан Eurasian Film Market халықаралық кино форумы басталды.
Форумда отандық кино саласының бас қаржы операторы – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өз жобаларын танысты.
«Біз бұл жұмысты жалғастыра отырып, отандық кинонарықты қолдаудың жаңа механимздерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазір бізде жүзеге асырылуы керек қысқа және ұзақ мерзімді міндеттер бар. Олар, ең алдымен, қолданыстағы «Кинематография туралы» Заңды, ережелер мен НҚА-ны жетілдіруге қатысты. Сондай-ақ, конкурсқа құжаттарды тапсыру рәсімін де цифрландыру жоспарлануда», – деді Құрманбек Жұмағали.
ҰКҚМО басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов Киноорталықтың прокатқа шығуға дайын кинокартиналарын ұсынды. Олардың ішінде қазан айында Испаниядағы беделді кинофестивальде көрсетілетін Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу», Данияр Ибрагимовтың «Бүркіт» экшн-фильмі бар.
Сондай-ақ, әйгілі Әділхан Ержановтың «Мүйізтұмсық» атты жаңа жұмысы және Фархат Шәріповтың «А-Студио» әндеріне негізделген ауқымды «Махаббат солдаты» мюзиклі таныстырылды. Бұл жобаға Байғали Серкебаевтың өзі продюсер-кеңесші ретінде тартылған. Сонымен бірге Максим Акбаров продюсерлік ететін «Жаза» атты сыбайлас жемқорлық туралы экшн-драмасы және қазақ рэпінің пайда болуы туралы Айтөре Жолдасқалидің дебюттік «Шулама» жұмысы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, Киноорталық жеке блокта 2022-2023 жылы мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің трейлерлерін таныстырды.
12 мамыр күні киногерлер Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталығының (ҰКМҚО) байқауға қатысатын фильмдерді іріктеуден әділетсіз өткізетінін айтып, наразылық шарасын өткізген.
Киногерлер 2019 жылы қабылданған «Кино туралы заңда» сыбайлас жемқорлық жүйесін құруға жол беретін тұстардың бар екенін айтты. Заңда белгіленген шарттарға сәйкес ҰКМҚО питчинг кезінде қатысушыларды еш себепсіз байқауға қатыстармай қоюға құқылы екен. Кино саласының мамандары бұл заңда қарастырылған шарттар іріктеуден тек Мәдениет министрлігіне қарасты компания жобаларының өтуіне жағдай жасайтынын айтады. Осының салдарынан 2023 жылы 153 жоба (бұл жалпы өтініштердің 55%-ы) іріктеуге өткізілмеген.
17 мамыр күні киногерлер баспасөз маслихатын өткізіп, өздерінің қудаланып жатқанын, заңсыз митингке шыққаны үшін айыппұл салынғанын мәлімдеген.
Ал, 25 мамыр күні экс-министр Асхат Оралов Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының әділетсіздігін айтып, митингке шыққан киногерлердің мәселесін шешу үшін министрлік жанынан тәуелсіз комиссия құрылатынын мәлім еткен болатын.
Шілде айында орталықтың басшысы ауысып, бұл қызметке 31-арнаны басқарған Құрманбек Жұмағали келді.
Ал 9 тамызда киногерлер шағымынан кейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы іріктеу конкурсын қайта жарияланатыны белгілі болды.