Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекеме басшылары бір-біріне 2,5 мың доллар берген

Жарияланды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемелерде басшылық қызмет атқарған Сәдуақас Байғабыловқа іс бойынша куәгер Аманжол Өтеғалиев 2 500 долларды қалай бергенін айтты. Kursiv тілшісі елорда сотында Сәдуақас Байғабылов пен Асхат Манкеевке қатысты жалғасып жатқан сот процесіне қатысты.

2023 жылдың 12 қыркүйегінде өткен сот отырысында іс бойынша куәгер пара беруге қатысты айтты.

«2022 жылдың қыркүйегінде (Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған – автор) Асхат Манкеев телефон арқылы хабарласып, Талдықорғаннан жаңадан құрылған Алматы облысына ауысқысы келетінін айтты. Қонаев қаласына ауысу үшін Сәдуақас Байғабыловпен сөйлесуге көмектесуімді сұрады. Байғабыловқа хабарласып, «Манкеевті Алматы облысындағы Ұлттық сараптама орталығына ауыстыруға көмектесе ала ма?» деп сұрадым. Асхаттың жас екенін, балаларының мектеп оқитынын айттым. Сол себепті Манкеев Алматыға жақын жерде тұрғысы келді. Байғабылов келіссөз жүргізіп, жауабын кейін айтатын болды», – деді Аманжол Өтеғалиев сотта.

Оның сөзінше, 2022 жылдың қазанында отбасы жағдайына байланысты Астанада болған. Бұл туралы Сәдуақас Байғабылов пен Асхат Манкеевке хабар берген. Мұны естіген соң Манкеев Астанаға баратынын айтқан, алайда билеттің жоқ болуына байланысты бара алмайтынын жектізген.

«Асхат келе алмайтын болған соң Байғабыловқа конверт беріп жіберетінін айтты. Алайда бұл өтінішін орындаудан бас тарттым. Ол да өтініш айтып, Байғабыловқа арнап 2 500 долларды беріп жіберетінін жеткізді. Бірақ оны күтіп ала алмайтынымды, кешке басқа кездесуім бар екенін айттым. Асхат ақшаны басқа адамның күтіп алатынын, менің оны Байғабыловқа беруім керек екенін айтты», – деді ол.

Айтуынша, сол күні кешке Манкеевтің танысы 2 500 доллар әкеліп берген. Өтеғалиев сол жерде ақшаны санап алғанын айтты. Ертеңі Сәдуақас Байғабыловпен кездескен. Ақшаны берген кезде бір-біріне сұрақ қоймаған. Байғабылов бұл қаражатты Манкеевтен екенін алдын ала білген.

«2023 жылдың 13 қаңтарында Сәдуақас Байғабылов хабарласып, Kaspi шотыма 923 мың теңге аударды. 1 млн теңгеге жеткізіп, ол ақшаны Асхат Манкеевке жіберуімді сұрады. 77 мың теңге қосып, Асхаттың Kaspi шотына 1 млн теңге аудардым. Бір айдан кейін Байғабылов тағы хабарласып, «Асхатты сабырға шақыр, Астанаға келмей-ақ қойсын» деп айтты. Бұл сөзін де жеткіздім. Араларында не болғанын білмеймін», – деді куәгер Өтеғалиев.

Айта кетейік, Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабыловқа қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (ірі мөлшердегі алаяқтық), Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеевке 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 367-бабы 2-бөлігі (пара беру) бойынша айып тағылған.

Асхат Манкеевтің үстінен арызды бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі және елдің бас санитар дәрігері болған Ерлан Қиясов жазған. Қиясов – денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы.

22 тамызда өткен сот отырысына Ерлан Қиясов куәгер ретінде қатысты. Айтуынша, 5 мың доллар туралы оған Манкеев хабарласып айтқан.

«2023 жылдың 3 ақпанында Асхат Манкеевпен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында 5 мың доллар туралы сөз болды. Оның қандай ақша екенін сұрадым. Маған өз орынбасарым Сәдуақас Байғабыловтан сұрау қажет екенімді жеткізді», – деді Ерлан Қиясов.

Содан кейін Қиясов Сәдуақас Байғабыловты шақырып, Манкеевтің мәлімдемесі туралы сұраған.

«Ол хабары жоқ екенін, ақша алмағанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, яғни басшылыққа хабар беруім керек екенін жеткіздім. Комитет төрағасымен сөйлескеннен кейін жауапты органға жүгіну туралы шешім қабылданды», – деді Қиясов.

Сондай-ақ оқыңыз