Жеке меншік қолындағы ЖЭО-ларда міндеттемелер орындалмаса станциялар мемлекетке қайтарылуы мүмкін
Фото: kursiv.media
Прокуратура еліміздегі 11 жекеменшік ЖЭО-да жылу-энергетика және табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуын тексерген. Тексеру барысында кейбір нысанда жүйелі кемшіліктер мен заң бұзу анықталған. Әр станцияда қондырғылардың әбден тозығы жеткен, бұл жылу беру маусымында апатқа әкеп соғуы мүмкін.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында республиканың бірқатар жылу-электр орталығының қызметін тексеру қорытындысы қаралған.
«Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға станцияларда күрделі жөндеу мен модернизациялауды қамтамасыз ету бойынша меншік иелерімен жұмыс жасау тапсырылды», делінген хабарламада.
Үкімет басшысы 2023-2024 жылдарға арналған нақты жұмыс кестесін белгілеп, оның орындалуын бақылауды талап етті. Міндеттемелер бұзылған жағдайда, станцияларды мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін.
27 маусымда өткен Үкімет отырысында Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындық барысында әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшілік бар деп мәлімдеді. Үкімет басшысы «жылыту маусымына әзірлік ақсар болса кадрлық шешімдер қабылданатынын» айтты.
Былтыр қыста Екібастұз, Теміртау және Рудный қалаларындағы ЖЭО-да апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалғаны белгілі. Осы қалалар тәуекел аймағында тұр. Екібастұз ЖЭО-сын жөндеу жұмыстарына 20,6 млрд теңге бөлінді. Екібастұз, Петропавл қалаларындағы ЖЭО олигарх Александр Клебановқа тиесілі.
Ал қарызы 5,5 млрд теңгеге жеткен Риддер ЖЭО-сын жөндеуге 8,3 млрд теңге жұмсалады.
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, бекітілген кестеге сәйкес еліміздің электр станцияларында 10 энергетикалық блок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Бүгінгі таңда 4 энергетикалық блок, 24 қазандық және 15 турбина жөндеу жұмыстарымен қамтылған.