KASE-де Қазақтелеком акцияларына қатысты аномалия тіркелді: бір күндік сауда жылдық көлемге жетеқабыл болған
KASE және LSE сауда сессиясының бір күнгі қорытындысы бойынша Freedom broker талдаушылары арнайы пікір білдірді. Сарапшыларды елең еткізген құбылыс – «Қазақтелеком» акцияларының күндізгі сауда-саттық көлеміне 32,8 млрд теңгеге (7 70 млн доллардан астам) жетіп жығылуы болды. 11 қыркүйекте болған мұндай дүмпуге «Қазақтелеком» араға бес жыл салып қайта жетіп отыр.
KASE cайтында мұндай бір күндік «берекелі» сауда көлемінің тұтас бір жылғы көрсеткішке – $81,2 млн-ға пара-пар екені жазылған. QAMS мәліметтері бойынша, дүйсенбіде 980 мыңнан астам акция (орналастырылған акциялар санының 9,15%) бір шоттан екіншісіне өткен.
«Атап айтқанда, 983 350 қағаз Астана уақыты бойынша сағат 16:27:01-де үлкен траншпен өз «тіркеуін» өзгертті (400 000+300 000+283 350 дана). Олардың барлығы 33 370 теңге болатын бағамен «өткізілді». Компания акцияларының өтімділігін ескерсек, олардың қарабайыр тілмен айтқанда «жарғанын» атаған дұрыс. Бұл дегеніміз тараптардың биржада бір уақытта екі қарсы өтініммен «кездесуге» келісуі. Бірі сол бағамен сатып алуға, екіншісі — сатуға сөз байласады», — деп болжам жасады QAMS.
Сондай-ақ, сарапшылар Қазақтелекомның нарықтағы табыстарын Jusan тобындағы ішкі өзгерістермен байланыстырып отыр.
Бұған дейін «Қазақтелеком» акцияларына қатысты сауда-саттықтың рекордтық көлемі 2018 жылдың тамызында тіркелді. Ол кездегі көрсеткіш 38 млрд теңге болды. Бұл монополияға қарсы органның (ол кезде Ұлттық экономика министрлігінің комитеттерінің бірі айналысқан) телеком-операторға Kcell акцияларының 75%-сатып алуға рұқсат бергенімен байланысты еді.Мәміле 2018 жылдың желтоқсанында аяқталды. Сома 160 млрд теңге болды.
Тамыз айының басында Jusan Bank акционері Ғалымжан Есенов Kcell ұялы байланыс операторындағы дауыс беретін акцияларының 10%-дан астамын алды. 1 шілдедегі акционерлер тізілімінің деректеріне қарасақ, Kcell ұялы байланыс операторына «Қазақтелеком» (51%), «First Heartland Jusan Bank» (9,08%) және «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (7,06%) иелік етеді.
Компанияның 2023 жылғы қаңтар-маусымдағы таза табысы 58 млрд теңге (2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 16%-ға артық), активтері – 1,32 трлн теңге, міндеттемелері – 535,9 млрд теңгені, меншікті капиталы – 791,4 млрд теңге болды. Кіріс жылына 10%-ға артып, 330 млрд теңгеден асты (2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 301 млрд теңге). Ұялы байланыс сегментіндегі кірістердің өсуіне байланысты көрсеткіштің жақсарғаны айтылады.