Еуропарламент Лукашенконы қамауға алуды сұрады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Еуропарламент Халықаралық қылмыстық сотынан Беларусь басшысы Александр Лаукашенконы қамауға алуды сұрады. Депутаттар Беларусь басшысын Украинаның Ресей басып алған аумақтарынан балаларды заңсыз әкетуде сыбайластық танытты деп айыптады.

Еуроодақтың заң шығарушы органы 2150-ден астам баланы орыстандыру мақсатында Беларусьтегі лагерьлерге заңсыз жіберуін айыптап, Гаагадағы халықаралық қылмыстық соттан Беларусь президентін қамауға алу үшін ордер беруді сұрады.

Сондай-ақ Еуропарламентте Лукашенко режимінің өшпенділік пен жалған ақпарат тарататыны, «Мәскеудің жауынгерлік риторикасын қайталайтыны» жайлы айтылды. Бұл мемлекет Ресей әскерін өз елінде орналастыруға көмектесіп, агрессор елге оқ-дәрілер мен әскери техника жеткізіп отыр. Сонымен қатар, депутаттар бір ауыздан Лукашенконы Ресей Федерациясының Украинада жасаған қылмыстарының сыбайласы және ондағы қырғын мен келтірілген залал үшін жауапты деп таныды.

«Халықаралық қылмыстық соты Путин мен Ресейдің саяси және әскери басшылығының ғана емес, Беларусь басшылығының да қылмыстарын тергеу құзыретіне ие болуы керек», деп атап өтті Еуропарламент.

Парламент отырысы қарсаңында Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихоновская еуропалық депутаттар алдында сөз сөйлеп, Еуропарламентті Еуропа мен Беларусь демократиялық күштері арасында қарым-қатынас орнату туралы меморандум қабылдауға шақырды.

Наурызда ХҚС Ресей басшысы Владимир Путин мен Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы қамауға алуға ордер берді. Олар балаларды заңсыз депортациялауға кінәлі деп танылды. Олардың әрекеттері әскери қылмыс деп саналатын азаматтық тұлғаларды қорғау туралы төртінші Женева конвенциясын бұзды. Жазда Львова-Белова 700 мыңнан астам украиндық баланың депортацияланғанын хабарлаған болатын.

Ресей Халықарлық қылмыстық соттың бұл мәлімдемесіне жауап берді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың хабарлауынша, Ресей Федерациясы Гаага сотының шешімін мойындамайды және мұндай мәселенің қойылуын өрескел деп санайды.  

Сондай-ақ оқыңыз