Қазақстанда жыл басынан мұнай өнімдерін заңсыз алып кетудің 799 фактісінің жолы кесілді
Қазіргі уақытта мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге алып кетуге тыйым салынған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары белгіленген тыйымдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады, мұнай өнімдерін заңсыз әкету фактілерін анықтау және жолын кесу жөнінде тиісті шаралар қабылдауда.
Мәселен, 2023 жылдың басынан бері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде жалпы көлемі 54 700 литр мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 187 фактісі анықталды, мемлекет бюджетіне жалпы сомасы 7,3 млн. теңге айыппұл өндірілді.
Ресей Федерациясымен және Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарада орналасқан автомобиль өткізу пункттерінде жалпы көлемі 89 942 литр мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 612 фактісі анықталды.
Бұдан басқа, мемлекеттік кірістер комитеті «АСТАНА-1» электронды декларациялаудың ақпараттық жүйесінде әкетуге тыйым салынған мұнай өнімдерін кедендік декларациялауға жол бермеу үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолданып, шаралар қабылданған.
Сонымен қатар, «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» ҚР Заңын ескере отырып, мұнай берушілер мен мұнай өнімдерін өндірушілер экспорт құқығына ие, сондай-ақ экспорт көлемі Энергетика министрлігі бекітетін жеткізу жоспарларына сәйкес келуі тиіс (бензинді, авиация және дизель отынын).
Қазақстан Республикасындағы Кеден кодексінің 150-бабына сәйкес декларант:
1) тауарларды кедендік декларациялауды жүргізуге;
2) кеден органына кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынуға;
3) декларацияланатын тауарларды көрсетуге;
4) кедендік төлемдерді төлеуге;
5) кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарын сақтауға;
6) өзге де талаптарды орындауға міндетті.
Декларант Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, кедендік декларацияда анық емес мәліметтерді мәлімдегені, сондай-ақ кеден өкіліне жарамсыз, оның ішінде қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынғаны үшін жауапты болады.