4000 еуро сомасында жалған ақша сатқандар 5 жылға сотталды
ҚМА Шымкент қаласы бойынша Департаменті Шымкент қаласының екі тұрғынына қатысты 4000 еуро сомасында жалған ақша қаражатын сату фактісі бойынша істі аяқтады, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.
2021 жылы қала банктерінің бірінің қызметкерлері алдын ала сөз байласу арқылы банк клиенттеріне жалпы сомасы 4 000 ЕУРО жалған ақша купюраларын сатқан.Аталған факт бойынша тергеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша банктің 5 қызметкері кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын», делінген хабарламада.
Ал банк қызметкерлеріне жалған купюралар берген адам қашып кетіп, оған халықаралық іздестіру жарияланған. Ол азамат осы жылдың наурыз айында Швецияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Маусым айында күдікті мен оның жұбайына қатысты іс сотқа жіберіліп, сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылған. Оларға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақтық танытуға және қолма-қол ақшаны мұқият қайта санап алуға шақырады.
«Егер, сіз жалған ақша тапсаңыз, ең бастысы – оны сатуға тырыспаңыз. ҚР ҚК 231-бабына сәйкес өз қаражатын қайтарып алуға деген ұмтылыс қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Жалған купюра тапқан жағдайда, дереу тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне немесе ҚР ҚМА call-орталығына хабарласыңыз», деп ескертеді агенттік.
Айт кетерлік бір жайт, елімізде ұлттық валютаның қолдан ең жиі жасалатын номиналы – 2000 және 5000 теңгелік банкноттар екен.
2020 жылы Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктер 823 жалған банкнот пен монета анықтаған. Ал 2019 жылы қолдан жасалған 1 319 банкнот пен монета айналымнан алынған.
2021 жылдың алғашқы 6 айында Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктер 1 млн теңгеден астам сомаға қолдан жасалған 336 ақша белгісін (333 банкнот пен 3 монета) анықтаған.
Ал 2022 жылдың 1 тоқсанында өңірлік экономикалық тергеу департтаменттерімен жалған ақша жасау фактілері бойынша 12 іс тіркелген. Оның ішінде 7 жағдай Нұр-Сұлтан қаласында, Батыс Қазақстанда 2 және Маңғыстау облысында 2 жағдай, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тағы бір фактіден анықталған.