100 млн теңге қарыз: ММА федерациясының басшысы іздестірілуде
Бүгін ММА федерациясының ресми парақшасында федерация президенті Алик Айдарбаевтың іздестіріліп жатқаны хабарланды.
«Қазақстанның Біріккен ММА федерациясының жаттықтырушылары мен спортшылары федерацияның қазіргі президенті Алик Айдарбаевты іздеп жатыр. Алик Серікұлы, спортшылармен хабарласуыңызды сұраймыз!» делінген парақшадағы хабарламада.
Федерация қызметкері парақша пайдаланушыларының сұрақтарына жауабында болған жайттың егжей-тегжейін жазыпты: Айдарбаев федерация президенті болып тұрған кезінде ұйымның салық берешегі 100 миллион теңгеден асып кеткен және оны іздестіру еш нәтиже бермеген.
Алик Айдарбаев өзінің қызметтік жолын 1985 жылы мұнай саласынан бастаған. Бірталай мұнай компанияларында басшылық қызметтер атқарған ол, 4 жыл қатарынан Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарған. Федерацияға келмей тұрып «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы болған.
Қысқаша қызмет тарихы келесідей:
- «Жетібаймұнай» МГДУ-да оператор, технолог, мұнай-газ өндіру шебері (1985-1991);
- «Маңғышлақмұнай» бірлестігінің «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндіру басқармасында қабат қысымын ұстау цехы бастығының орынбасары (1991-1994);
- «Оңтүстікқазмұнайгаз» АҚ қабат қысымын ұстау учаскесінің бастығы, мұнай-газ өндіру цехының бастығы, бас директордың орынбасары, бірінші вице-президенті (1994-1995);
- «ТОРГАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ бас директоры (09.1995-12.2009);
- «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры (2009-2011);
- «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директоры (25.04.2011-12.2011);
- «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры (12.2011-01.2013);
- Маңғыстау облысының әкімі (01.2013-03.2017);
- Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі (03.2017-01.2018);
- «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (01.2018-04.2018);
- «Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы (23.04.2018-20.11.2018);
- «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы (20.11.2018-04.2022)
Оның «Қазмұнайгаз» басқарма төрағалығынан денсаулығына байланысты кеткені айтылады.