Тоқаев Mastercard компаниясының Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады
Мемлекет басшысы Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилланы қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында қаржы секторын, IT саласын дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнестің цифрлық құзыретін арттыру бағыттарындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Президент Mastercard компаниясының ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Инновациялық төлем технологиясы саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналатын компания бүкіл Орталық Азия аймағы үшін банк секторындағы бизнес пен адами капиталды дамытуды жоспарлап отыр.
Никола Вилла Қазақстанның GovTech-шешімдерін шетелде, әсіресе дамушы және қалыптасушы нарықтарда ілгерілету жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанның цифрландыру, электронды үкіметті және қолма-қол төлемсіз экономиканы дамыту тәжірибесіне Mastercard филиалдары жұмыс істейтін басқа елдер ерекше қызығушылық танытуда.
Президентке Mastercard компаниясының Инклюзивті өсім қоры Қазақстанда Strive бағдарламасын іске қосатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған бағдарлама елімізде бизнесті цифрландыруға, 300 мыңнан астам шағын және орта бизнестің біліктілігін арттыруға көмек көрсетеді.
Қазақстанның Ұлттық банкімен бірлесіп, «Цифрлық теңге», «Жедел төлем жүйесі», Open banking жобаларын жүзеге асыру ісіне сараптамалық және технологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Президенттің Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Mastercard компаниясы арасында осы және өзге де бастамалар қамтылған Digital Country Partnership (DCP) негіздемелік келісіміне қол қойылды.
Mastercard – әлемнің 210 еліндегі 2,3 миллиардтан астам тұтынушыны бірыңғай төлем жүйесіне қосқан жаһандық жетекші технологиялық компания. Нарықтағы құны 390 миллиард доллардан асатын Mastercard әлемдегі ең қымбат 10 брендтің қатарына кіреді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мемлекет басшысының Mastercard компаниясының атқарушы вице-президентімен өткізген кездесуінің нәтижесі жөнінде пікір білдірді.
«Біріншіден біздің Президент жақындағы жолдауында Цифрландыру мен ІТ саласын дамытуды тапсырды. Яғни Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыруды нақты тапсырма ретінде берген болатын. Осы Mastercard компаниясының атқарушы вице-президентімен кездесу бұйырды. Біз Mastercard-пен бірігіп Digital Country Partnership (DCP) негіздемелік келісіміне қол қойылды. Бұл бізге не береді? Біріншіден бұл компания Қазақстанды Дүниежүзіндегі мемлекеттердің ішінен үшінші орын ретінде аумақтық өңірлік хаб ретінде таңдап отыр. Біздің ІТ өнімдерімізді тарату үшін олардың платформасы қолданылады. Алматы қаласында цифрлық өнімді дамыту және басқа елдерге тарату үшін хаб құрылады»-деді Министр.