Банкроттық бойынша 60 мыңға жуық адамнан арыз түскен
Осы жылдың 3 наурызынан шілдесіне дейінгі аралықта соттан тыс банкроттықты қолдануға 59 407 арыз түскен. Бұл жайлы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Арыз берген азаматтардың 9 173-іне қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталған. Ал 2 030 арыз қаралу үстінде. Ал 48 050 адамның арызы бойынша рәсімді қолданудан бас тартылған.
Сот банкроттығы 1600 АЕК-тен астам, нақтырақ айтқанда, 5 млн 520 мың теңгеден астам қарызы бар азаматтарға барлық қарыз түрлеріне қатысты қолданылады.
Бұл рәсім бойынша борышкердің мүлкін сатып түскен қаражат есебінен қарыздарды өтеу көзделеді, алайда рәсім барысында борышкердің басындағы жалғыз үйі кепіл нысанасы болып саналмайды.
Жоғарғы соттың мәліметінше, банкроттық рәсімін қолдануға 600-ге жуық адам өтініш білдірген. Оған қатысты 10 шешім шығарылып, оның 9-ы сот банкроттық рәсімін қолданған.
Тұрақты табыс тауып, төлем қабілеттілігі қалпына келген азамат қарызын 5 жылға дейін бөліп төлей алады.
Еске сала кетсек, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі.
Аталған Заңға 2022 жылдың 30 желтоқсанында қол қойылып, 2023 жылдың 3 наурызында күшіне енді. Заң жеке тұлғаның соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы арқылы берешегін реттеу тетіктерін көздейді.