АҚШ-тан пошта арқылы келген ірі көлемдегі есірткіні сатпақ болғандар сотталды

Жарияланды
Фото: Shutterstock

АҚШ-тан пошта жөнелтілімдері арқылы келген ірі көлемдегі марихуананы «Telegram» арналары арқылы сатпақ болған екі азамат сотталды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚМА Астаналық Департаменті бір топ адамға қатысты алдын-ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде мемлекеттік шекара арқылы есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі бойынша қылмыстық істі аяқтады», делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл факт Елордада жүргізілген «бақыланатын жеткізу» жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталған. Нәтижесінде АҚШ-тан пошта жөнелтілімдері арқылы келген ірі көлемдегі «марихуана» есірткі заттарын алған елорда тұрғындары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

Қылмыскерлер бұл есірткіні «Telegram» мессенджері арқылы Қазақстан аумағында сатуды жоспарлаған. Алайда қылмыскерлердің ойы жүзеге аспай, 2 азамат сот үкімімен кінәлі деп танылып, 7 жылға және 8 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылған.

«Құрметті ата-аналар! Ғалымдардың пікірінше, есірткі заттарын қолдану жасөспірімдердің толыққанды дамуына, есте сақтау қабілетіне, өзін-өзі бақылауына және оқу қабілетіне зиянды әсер етеді. Осыған байланысты, ата-аналардан балаңыздың мінез-құлқына, оның денсаулық жағдайына, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жазылымдары мен сатып алуларына назар аударуды сұраймыз», деп ескертеді агенттік.

Еске сала кетсек, 1 маусымнан бастап республика аумағында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Бұл шара барысында ІІМ заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі тәркіледі.

Ал 28 шілде күні ҚМА аумақтық департаментінің қызметкерлері Шымкент қаласында аса ірі көлемде жалған шетел валютасы мен есірткі заттарын сатумен айналысқан бір топ тұлғалардың заңсыз әрекеттерін анықтап, жолын кесті.   

31 шілдеде Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталған болатын.

Ал 1 тамыз күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодарда ірі синтетикалық есірткі цехы анықталғанын хабарлады. Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты, прекурсорлар, сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы табылып, тәркіленген. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан.

Сондай-ақ оқыңыз