Павлодар облысының бұрынғы әкімі Медициналық сақтандыру қорына басшы боп келді

Жарияланды
Фото: ӘМСҚ

Павлодар облысыны экс-әкімі Әбілқайыр Сқақов ӘМСҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл жайлы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

«Әбілқайыр Бақтыбайұлының мемлекеттік қызметте 28 жылдан астам тәжірибесі бар, оның 18 жылын бірінші басшы ретінде қызмет атқарған. Қаржы министрлігінің жүйесінде 19 жыл жұмыс істеді. Соның ішінде Салық комитеті төрағасының орынбасары және Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы қызметін атқарды», деп таныстырған жаңа басшыны ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Әбілқайыр Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Экономист және қаржыгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Содан кейін Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтында «Заңгер» мамандығын оқыған. Ал М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша оқыған.

1995 жылдан 2012 жылға дейін Павлодар және Қостанай облыстарының салық органдарында жұмыс істеген. Ал 2006–2008 жылдар аралығында Павлодар облысы денсаулық сақтау департаменті директорының экономика жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

2012-2016 жылдары Қаржы министрлігі жүйесінде, оның ішінде Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарды. 2016-2019 жылдар аралығында Әбілқайыр Сқақов Қорғаныс министрінің орынбасары ретінде қаржы және экономика мәселелерін басқарып, одан кейін Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. Ал 2020-2022 жылдары Павлодар облысының әкімі болды.

Ол «Ерең еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.

Сондай-ақ оқыңыз