ҚАЗТЕСТ: шенеуніктер қазақ тілінен тест тапсырады
Фото:
Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау (ҚАЗТЕСТ)» бойынша тестілеу өткізу жөніндегі қағидаларды бекітпек. Құжатты Тіл саясаты комитеті «Ашық НҚА» порталында жариялаған. Ашық талқылау қазан айының 10-да дейін жалғасады.
«ҚАЗТЕСТ» деп аталатын емтиханды мемлекеттік қызметкерлер, ҰҚК қызметкерлері, «Болашақ» стипендиясына үміткерлер және қарапайым қазақстандықтар тапсырады.
Ол бойынша тестілеу екі түрге бөлінеді: диагностикалық және сертификаттық. Диагностикалық және сертификаттық тестілеу қағаз немесе электронды түрде өткізіледі.
Диагностикалық тестілеу 1 сағат 40 минутқа созылып, 100 сұрақтан тұратын келесі бөліктерді қамтиды:
- Тыңдалым – 20 тапсырма (20минут);
- Лексика-грамматикалық құрылым – 40 тапсырма (30 минут);
- Оқылым – 40 тапсырма (50 минут).
Ал сертификаттық тестілеу 100 тест тапсырмасынан тұрады. Онда тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым бөліктері бар. Жазылым бөлігі бойынша деңгейге сәйкес 2-3 жазбаша тапсырма және айтылым бөлігі бойынша 1-2 ауызша тапсырма орындау қажет.
- Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);
- Лексика-грамматикалық құрылым – 40 тапсырма (30 минут);
- Оқылым – 40 тапсырма (50 минут);
- Жазылым – 2-3 тапсырма (35-60 минут);
- Айтылым – 1-2 тапсырма (7 минут).
Әр тапсырма бір балмен бағаланады. Әрбір дұрыс жауап үшін бір балл беріледі.
«Сертификат алу үшін осы Қағидалардың 9-қосымшасына сәйкес әр бөлік бойынша дұрыс жауаптардың 60 (алпыс) пайыздық шекті санын жинау қажет және Жазылым бөлігінің тапсырмалары 50 балдық шкаламен, ал Айтылым бөлігінің тапсырмалары 50 балдық шкаламен бағаланады»,- делінген құжатта.
ҚАЗТЕСТ жүйесі 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. Оның мақсаты – Қазақстан Республикасы азаматтарының және республика аумағында қызмет ететін шетелдіктердің қазақ тілін білу деңгейін бағалау.
«ҚАЗТЕСТ – TOEFL, IELTS, TÖMER сияқты тілдік құзыреттілік деңгейін бағалау халықаралық жүйелерінің қағидаттары мен талаптарына сәйкес, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі», – делінген жүйенің ресми сайтта.
Сондай-ақ, веб-сайтта емтиханды:
- «А» корпусының кадр резервіне тұруға үміткерлер;
- «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер;
- «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АОО мұғалімдері;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік академиясының талапкерлері;
- Haileybury-Astana және Haileybury-Almaty халықаралық мектептерінің 11-сынып оқушылары тапсыратыны жазылған.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді.
«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет», деді Президент.