4 жыл қатарынан газды нарық құнынан төмен бағада экспорттап келген кәсіпорын мемлекетке 6 млрд теңге өтемақы төлейді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Бас Прокурордың наразылығы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы газ өндіруші кәсіпорын бюджетке 6 млрд теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура оның қандай компания екенін нақтыламаған. прокуратураны өтемақы талап етуіне кәсіпорынның нарық құнынан төмен бағада газ экспорттауы себеп болған. Нақтырақ айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының газ өндіруші кәсіпорны 2015 жылдан 2019 жылға дейін газды әлемдік нарықтық бағадан құнын төмендетіп сатып, шетелге жөнелтіп отырған.

Компания салықты қосымша есептеу туралы фискалдық органның шешімімен келіспей, сотқа қарсы өтініш білдірген. Бұл даудың нүктесін Жоғарғы Сот қойған. Сот Бас Прокурордың наразылығын назарға алып, салықтар мен өсімпұлдарды қосымша есептеуді орынды деп тапқан.

Жалпы, 2023 жылдың өткен кезеңінде прокурорлардың өтініштері мен наразылықтары бойынша азаматтық және әкімшілік істер бойынша 210 сот актісі жойылып, өзгертілген. Нәтижесінде 14,9 млрд теңге сомаға мемлекет мүддесі қорғалған. Ал әлеуметтік-экономикалық саладағы тексерулер мен талдаулардың нәтижелері бойынша мемлекетке тағы 16 млрд теңге өтелген.

Осылайша, прокуратура органдары ел бюджетін 31 млрд теңгеге толықтыруды қамтамасыз етті, сондай-ақ мемлекетке қосымша заңсыз берілген және пайдаланылмаған 36 млрд теңгеге жер учаскелері де қайтарылған.

Сондай-ақ оқыңыз