Мерей Тлеуғазин, product manager: Жобалармен жұмыс дегеніміз сынап көруден, гипотезаларды тексеруден тұрады

Жарияланды

Фото: жеке архив

Мерей Тлеуғазин — Jusan Invest компаниясында продакт-менеджер. Ол өніммен жұмыс саласына келмес бұрын уеб-бағдарламалаумен айналысқан. Алматыдағы Экономика және статистика академиясының түлегі. Аталған оқу орнын 2016 жылы «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Уеб-жобалармен жұмыс істеп жүріп түсінгені — тамаша өнім жасап шығару жай ғана код жазғаннан әлдеқайда қиын екен. «Коммерциялық табысқа жету үшін функционалы толық өнім шығару жеткіліксіз. Оған қоса нарықтың сұранысын түсініп, тараптармен қарым-қатынас жасап, өнімді нарыққа енгізу де аса маңызды» дейді маман. Осылайша бір тапсырмадан екіншісіне ауысып жүріп, Product manager позициясына келген. Продакт-менеджер болу үшін сұхбаттасудан қалай өту керек, қандай машықтарды дамытқан абзал — кейіпкерімізбен осы туралы тілдестік.

  • Продакт-менеджер болғысы келген адам сұхбаттасуға қалай дайындалғаны жөн? HR-маман не рекрутермен сөйлескенде нені ескеру керек? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
  • Сұхбаттасуға барғанда мынаны түсіну қажет: бұл — екі тараптан болатын процесс. Яғни өзіңіздің білігіңіз бен тәжірибеңіз туралы айтып қана қоймай, келіп тұрған компанияңыз бен вакансияңыз сіздің ойға алған мақсаттарыңыз бен қалауларыңызға сай екеніне көз жеткізіп алған абзал. Продакт-менеджер қызметін қарастырып жатсаңыз, онда оның қызметі, рөлі мен талаптары әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін екенін ескеріңіз. Сондықтан рекрутермен тілдескен кезде осы тұсты нақтылап сұрап алыңыз. Олар продакттан не күтеді, қандай тапсырмалар береді? Соны біліп алу маңызды.  
  • Product manager болғысы келетіндер оқу орнын таңдағанда қандай бағытқа түскені дұрыс? Жалпы алғанда академиялық білім қаншалықты маңызды?
  • Әрине, академиялық білімнің маңызды рөл ойнайтыны белгілі. Бірақ міндетті деп айта алмаймын. Менің ойымша, табысты продакт-менеджердің бойында тиісті білім де, практикалық тәжірибе де үйлесіп тұруы керек. Болашақ продакт-менеджерге пайдалы болуы мүмкін бірнеше оқу бағытын атап өтетін болсам, олар: техникалық, экономикалық білім, менеджмент және жобаларды басқару. Бұл саланың түрлі нишадан тұратынын ескерсек, продакт-менеджер соған сай бейімделе біліп, тұрақты оқып, дамып отыруға дайын болғаны абзал. 
  • Өнімді жарыққа шығарып, оны нарыққа сәтті енгізу үшін қандай машықтың болуы міндетті?
  • Бұл позицияда мансабын құрып, табысқа жету үшін бірнеше негізгі машық пен қасиет керек дер едім. Ең маңызды дегендерін атап өтейін. Біріншіден, жүйелей білу қажет. Бұл — өнімді басқару саласында табысты мансап құрғысы келетіндерге керек басты аспект. Яғни ақпаратты, деректерді және процестерді ұйымдастырып, барынша тиімді жүйелей алу қабілеті сұралады. Мұның ішінде жоспарлау, өнімнің жол картасын дайындау, басты процестер мен қабылданатын шешімдердің құжаттарын реттеу де осы жүйелей білуге байланысты атқарылады. Егер осы қабілет бойыңызда болса, онда хаос азаяды, командадағы координация жақсарады, өнімді басқару да жеңілдейді. Одан кейін маңыздысы — коммуникация. Жобаның басқа да қатысушыларымен дұрыс сөйлесе білу керек. Оның ішінде бағдарламалаушылар, дизайнерлер, маркетологтар мен компания басшылары секілді бірнеше адам бар. Идеяларыңызды дұрыс жеткізе біліп, команданы айрандай ұйытып ұстап отыра алуыңыз аса маңызды. Сонымен бірге деректерге анализ жасап, нарық пен қолданушыларды зерттеп, трендтерден хабардар болу керегі де бар. Жиған ақпаратыңыз өнімді дамытып, дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі. Компанияның алға қойып отырған стратегиялық мақсатын нақты түсініп, ұзақтан ойлана білу керек. Бағдарламалаудың тиімді әдістерін біліп қана қоймай, оны өнімге қалай енгізу жолын да продакт-менеджердің білгені абзал. Жобаға қажет технологиялар жиынтығынан хабардар болып, оның өнімге қалай әсер ететінін де жақсы білу шарт. Ал жеке қасиеттерден эмпатия маңызды деп ойлаймын. Өйткені продакт-менеджер белгілі бір таргет аудиторияға арналған өнім жасап шығарады. Демек өзінің жеке тәжірибесін шетке ысырып қойып, тұтынушы көзімен қарап, ойлануы қажет. Өнім басқару саласында кейде көп нәрсе белгісіз боп тұрса да, шешім қабылдау керек сәттер болады. Сондайда бір шешімге келіп және соған жауапкершілік ала білу қабілеті де маңызды. Қаржы көрсеткіштерімен жұмыс істей білу керегі тағы бар. Болашақта түсетін табысқа қатысты болжам жасап, әр функция мен жалпы өнімнің қаншалықты табысты болатынын бағалай білу қажет. Одан қала берді продакт-менеджердің міндетіне жаңа опциялар мен функциялар енгізу де кіреді. Ал ол дегеніміз бағдарламалау үшін кететін шығындарды, маркетиң мен оны дамытуға кететін кететін қаражатты, жаңа қосылған функциялардың қосымша әлеуетті табысын есептеу деген сөз. Келесі бір маңызды машық: тұтынушының сұранысы мен проблемасын нақты тапсырма түрінде жасап, бағдарламалаумен айналысатын командаға түсінікті етіп бере білу. Себебі басқару саласында өнімді жұмыс істеу үшін кері байланысты жинап ала салып, қолданушылар арасында сауалнама жүргізу жеткіліксіз. Сол жиналған деректер негізінде тұтынушының тілегіне құлақ асып, өнімнің функционал құрылымын түсініп, содан кейін барып соларды шешудің бірнеше жолын ұсыну қажет. Продуктолог ретінде табысты мансап жасау үшін осы қасиеттер маңызды деп ойлаймын. Бастысы, бұл саланың үнемі толықтырылып, өзгеріп тұратынын, соған байланысты үздіксіз оқып, дамып отыру керегін де ұмытпау керек.   
  • Өнімді табысты ету үшін команда маңызды екені белгілі. Бір іске жұмылдыратын топ жинағанда нені ескеру керек?
  • Өз басым проактив әрі жанып тұрған адамдарды таңдаймын. Мотивация деген — адамның ішінде болатын процесс. Яғни оның ішкі дүниесінде өнімге, тапсырмаларға деген асқан қызығушылық болмаса, оны сырттан оятып, шабыттандыру мүмкін емес секілді. Команда жинағанда осыған қатты мән беремін.  
  • Өнімдерді басқару саласына енді қадам басып келе жатқандарға қандай кеңес бересіз? Тәжірибесі жоқ, не тым аз болса, продакт-менеджер қызметіне тағайындалу қаншалықты қиын һәм мүмкін?
  • Екінші сұрағыңыздан жауап беріп бастайын. Мынаны түсіну керек: компаниялар көбіне кандидатты қарастырған кезде оның бойындағы нақты әрі өздеріне керек тәжірибенің болғанына қарайды. Өйткені бизнестің сұранысын өтеп, клиенттер мен тапсырыс берушілердің қалауына сай келу үшін тәжірибесі маңызды. Сондықтан тәжірибесіз адамды бәлкім, жұмысқа қабылдап қалар. Бірақ «иә, бола береді, ала береді» деп айта алмаймын. Сіз жұмыс берушілердің продакт-менеджер лауазымына қоятын талаптары кәсіби құзыретті де, тәжірибені де қамтитынын жақсы түсінуіңіз керек. Яғни бұл салада практикалық жұмыссыз растау яки дәлелдеу қиын болуы мүмкін. Әрине, мүмкін емес нәрсе жоқ. Дегенмен жұмыс берушілер тарапынан үміткерлерді іріктеу барысында қойылатын талаптарының ішінде басқару қабілеті мен тәжірибесі, кәсіби қабілеті мен құзіреті, көшбасшылық қабілет пен коммуникатив машық болады. Бұдан шығатын қорытынды — егер тиісті жұмыс өтілі болмаса, онда осы талаптарға сай келетініңізді дәлелдеу қиынға соғады.  Сол себепті көпшілігі мансабын осыған ұқсас мамандықтардан бастайды. Ол дегеніміз — бағдарламалаушы, жоба менеджері және т.б. Айтарым: кішігірім нәрседен бастаңыз. Сөйтіп әр қадам басқан сайын тәжірибеңіз молайып, жұмыс берушілерге ұнайтын үміткерге айналасыз.
  • Ал тәжірибесі бар, осы салада мансап құрғысы келетін продакт-менеджерлерге не айтар едіңіз?
  • Қателескенде тұрған ештеңе жоқ. Қорықпаңыз. Бастысы, сол қатеден сабақ алыңыз. Сонда өсесіз, дамисыз.  
  • Қазір онлайн-курс түрі көбейді. Оларға көзқарасыңыз қандай? Аз ғана уақыт ішінде курс оқып алып, табысты продакт-менеджер болу мүмкін деп ойлайсыз ба?
  • Расында, бүгінгі нарықта не көп — курс көп. Бір анық: кез келген жерде білім — табыстың тең жартысына ғана тең. Яғни бұл мамандықта сұранысы жоғары, білікті маман болу үшін сол алған білімді іс жүзінде қолдана білу қажет. Бұл жолда нақты мәселелерді шешіп, командада жұмыс істей біліп, қателерімен жұмыс істей білу маңызды. Курс дегеніміз карта десек, ал тәжірибе — саяхат. Осы екеуінің басын біріктіргенде ғана өнімді басқару саласының шыңына шыға аласыз.   
  • Жұмыс барысында қандай қиындықтарға жиі тап боласыздар?
  • Стейкхолдерлердің сұранысын қанағаттандыра алмай қалатын кездер болады. Сол себепті оңтайлы шешім қабылдай білу маңызды. Одан соң приоритеттер мен ресурстарды басқару оңай емес. Көбіне идея да, сұраныс та толып жатады. Бірақ ресурс шектеулі болғандықтан, жеті рет ойланып, бір рет кесу керек болады. Не нәрсеге бірінші кезекте мән беру керегін жақсылап ойланып барып шешім қабылдайсыз. Яғни бизнес пен өнім үшін ең маңызды әрі құнды болып тұрған тапсырмаға бірінші кірісу керек. Жобалармен жұмыс істеу дегеніміз сынап көруден, гипотезаларды тексеруден және белгілі бір қауіп-тәуекелердерден тұрады. Сіздің қосқан жаңа дүниеңізге қолданушылардың қандай реакция білдіретінін дөп баса алмай қалуыңыз мүмкін. Ондайда белгісіз болып тұрса да шешім қабылдауға тура келеді. Әйтсе де, дәл осы қиындықтар продакт-менеджердің жұмысын одан әрмен қызықты етіп, үздіксіз дамуға, өсуге жетелейді. 
Сондай-ақ оқыңыз