Жасыл энергетикаға қажеттілік әсерінен пайдалы қазбаларға сұраныс 500%-ға өседі

Жарияланды

фото: enesystem.ru

Сарапшылар жаһандағы энергетиканың дамуы пайдалы қазбаларға деген сұраныстың өсуіне ықпал ететінін болжады. Дүниежүзілік банк 2020 жылы энергияны жинақтау технологияларында қолданылатын қазбаларға деген сұраныстың шамамен 500%-ға өсетінін айтқан.

Экономикалық зерттеулер институты маманы Балтабай Сыздықовтың шамалауынша, жақын арада әлем бойынша маңызды пайдалы қазбаларға қол жеткізу жолындағы бәсекелестік артады. Мұндай қарқын нарықтағы ережелердің қатаңдануына және нормативтік күрделі саясатқа әкелуі мүмкін.

Еуропалық комиссия өкілдері де энергияға деген сұраныстың артуы бірқатар пайдалы қазбаларға деген қажеттілікті өсіретінін сараптады. Мысалы, 2040 жылға қарай тек литийге деген сұраныс 40 есе, графит, кобальт және никельге – 20 есе, мысқа – кем дегенде 2 есе артпақ.

Негізінен алғанда, көптеген пайдалы қазбаларға деген сұраныстың артуына ықпал етуші басты фактор – жасыл энергетикаға көшу үрдісі екенін айта кетуіміз қажет. Егер дүниежүзі қауымдастығы Париж келісіміне қол жеткізер болса, 2040 жылға қарай мысқа жалпы сұраныстың 45%-тен астамы, никельге сұраныстың 61%-і, кобальтқа сұраныстың 69%-і және литийге сұраныстың 92%-і жасыл экономиканың жандануына жұмсалады.

Халықаралық энергетика агенттігінің хабарлауынша, жасыл энергетика дәстүрлі энергиямен салыстырғанда көп маңызды материалдарды қажет ететін өріс. Мәселен, егер газға 1 МВт энергия өндіру үшін тек 1 164,1 кг, көмірге – 2 480,2 кг маңызды материалдар қажет болса, онда атом электр станциясында 1 МВТ энергия өндіру үшін қазірдің өзінде 5 273,2 кг, КЭС – 6 832 кг, ЖЭС – 10 152,5 кг қажет.

Жаһандағы энергетикалық теңгерімді ұстап тұрудың да оңай болмайтыны белгілі. Оның бірнеше себебі бар. Айталық, пайдалы қазба қорлары бірнеше елде шашырай орналасқан.

Сондықтан, пайдалы қазбаларды өндіруде «Таңдаулы» елдер тобының сөзсіз бағы жанады.

«Таңдаулы» елдер тобы төмендегідей:

Кобальт өндірісі Конго Демократиялық Республикасы (70,0%);
никель – Индонезия (48,8%);
мыс – Чили (23,6%); Перу(10,0%); Конго Демократиялық Республикасы(10,0%);
Қытай (8,6%);
литий – Австралия (46,9%) және Чили (30,0%);
графит – Қытай (64,6%;
платина – ОАР (73,6%);
неодим – Қытай (45,8%) және Австралия (23,1%);
иридий – ОАР (88,9%);
марганец – ОАР (35,8%); Габон (22,9%);
диспрозий – Қытай (48,7%); Мьянма (23,1%).

Маңызды пайдалы қазбаларды өңдеуге тек белгілі бір мемлекеттер ғана маманданған. Мысалы, Қытайға табиғи графит пен диспрозийдің, 70% кобальттың және 60% дерлік литий мен марганецтің қайта өңделген жеткізілімдерінің 100%-ы келеді.

Пайдалы қазбалар нарығында айтарлықтай олигополия бар (ірі ТҰК және мемлекеттік кәсіпорындар). Мысалы, бес жетекші тау-кен компаниясы литий өндірісінің 61%-ын және кобальт өндірісінің 56%-ын бақылайды.

Пайдалы қазбалардың көпшілігі тауар биржаларында сатылмайды (жоғары сұранысқа байланысты бағаның құбылмалылығынан хеджирлеудің қажеті жоқ). Өкінішке қарай, энергетикаға қажетті элементтерді алу – көпшілік үшін қолжетімді емес.

Барланған қорлар мен қолда бар ресурстар арасында үлкен айырмашылық бар. Егер барланған қорларға инвестициялар өссе, қолда бар ресурстар мұндай инвестициялардан кенде қалып отыр. Өйткені «ауадай қажет» минералдарды өндіруге мүмкіндік беретін технологиялар жоқ.

Жоғарыда аталған факторлар болашақта маңызды шикізат пен энергетикалық технологиялар бағасының айтарлықтай өсуіне алып келеді, бұл энергетикалық ауысу процесі құнының өсуіне де әсер етері анық.

Сондай-ақ оқыңыз