Француз компаниясына ақша төлемей қойған: Денсаулық сақтау министрлігі дауға қалды
Белгілі заңгер Ержан Есімханов Денсаулық сақтау министрлігін Францияның Conseil Sante компаниясының ақшасын төлемей қойды деп айыптады.
Заңгердің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бір жыл бойы бұл мәселені шешуге тырыспаған және түрлі сылтау айтып жүріп алған.
«Францияда Conseil Sante деген компания бар. Ол бүкіл әлемдегі клиенттерге денсаулық сақтау саласын қалай тиімдірек ету керектігі жөнінде кеңес берумен айналысады. Бұл үлкен әрі сыйлы компания және ол 1976 жылдан бері 150 елде жұмыс істеп келе жатқан одан да үлкен SOFRECO холдингінің бір бөлігі. Осы компанияны 2018 жылдың соңында біздің Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және алғашқы медициналық көмекті жетілдіру мәселелері бойынша кеңес алу үшін жалдаған», дейді заңгер.
Жоба Дүниежүзілік банктің қадағалауымен жүзеге асырылады. Барлық жұмыс ресми өкілдермен, жауапты мекемелермен келісіп жасалып жатқандықтан, француз компаниясы төлем мәселесінде қиындықтар туындайды деп ойламаған.
«2019 жылдың соңына қарай барлық қызметтер аяқталып, жұмысқа қатысты есептер дайындалып, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады. Жобаны Дүниежүзілік банк қадағалаған соң, әрі тұтастай бір министрлік болғандықтан, француздар төлем ала алмай қаламыз деп, мүлде ойламайды. Бірақ содан кейін Ковид басталып кетіп, біраз уақыт денсаулық сақтау саласымен айналысатындардың бизнеске уақыт бөлуге мұршасы келмей қалады. Ковид аяқталып, қалыпты өмір қайтадан басталады. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі атқарылған жұмыстың ақысын төлеуге асықпайды. Француздар оларға бір рет жазады, екі рет жазады – нәтиже болмайды. Содан кейін олар келіссөздерге жергілікті заңгерлерді, яғни бізді тартуға шешім қабылдайды», дейді Ержан Есімханов.
Ал жергілікті заңгерлер министрлік өкілдерімен бірнеше рет кездескен. Бірақ әр кездескен сайын министрлік есепті қолға алмағанын айтып сылтаурата берген. Мәселе оңай шешілмеген соң, заңгерлер Францияның сауда палатасына, Фрнациядаға қазақ елшілігіне, Қазақстандағы Францияның елшілігіне жүгінген. Қаржы министрлігі мен Денсаулық министрлігіне бұл мәселенің түбінде халықаралық деңгейге көтеріліп, ушығып кететіні туралы хаттар жазған. Дүниежүзілік банк арқылы қомақты қаражатқа жасалған келісімшарт екенін, бұл іс түбінде арбитражды сотқа жетсе, Қазақстан тарапы жеңілетінін заңгерлер барынша ескертсе де, нәтиже шықпағанын айтады Ержан Есімханов.
«Денсаулық сақтау министрлігі өкілімен соңғы рет сәуір айында кездестік. Содан бері бізді бос уәдемен тойдырып келеді. Сәуір айынан бері кездесу туралы ұсынысымызға еш жауап жоқ. Клиентіміз енді ешқашан да Қазақстанмен жұмыс істемейтінін, басқа компанияларды да ескертіп, Қазақстанмен жұмыс істеуден бас тартуға үгіттейтінін айтты. Өйткені әлемнің 150 елінде істеп жүрген компания мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отыр. Президентіміз трибуналда тұрып, еліміздің инвестициялық тартымдылығы туралы қанша айтса да, шенеуніктеріміздің мұндай немқұрайдылығымен біз ешқандай нәтиже шығара алмаймыз», дейді заңгер.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұл мәселені екі тарап бірігіп, шешуге тырысып жатқанын мәлімдеді.
«Аталмыш француз компаниясы Денсаулық сақтау министрлігімен Дүниежүзілік банк келісімі аясында 2017-2018 жылдары жұмыс істеді. Консалтингтік қызмет көрсетті. Қазіргі таңда бізде айтарлықтай дау жоқ. Бұл компанияның жұмысы толықтыруды қажет етеді. Қызметке тапсырыс берілгенде, оған сәйкес техникалық тапсырмалар дайындалады. Ол компанияға арнайы тапсырмалар берілді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігін бұл компанияның жұмысы қанағаттандырмады. Бүгінде бұл компанияның сол жылдары Денсаулық министрлігі талап еткен жұмыстарын аяқтауы үшін бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз бұл мәселені халықаралық деңгейде шешуді көздеп отырмыз. Жұмыс толық аяқталған соң министрлік бұл құжатты қарастыратын болады», деді министр.
Ол келісілген қаражаттың компания өз міндетін толық орындағанда ғана төленетінін айтты.
«Келісім жасалғанда адын-ала төлем берілді. Қалған сома екі тарап келісімге келіп, жұмыс толық орындалған жағдайда ғана төленеді», деді Ажар Ғиният.