600 кәсіпкердің құқығы қорғалды: Алматыда сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары салалар аталды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматыда сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары салалалар аталды. Олар Алматының сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына кіреді. Мамандардың айтуынша, құрылыс және тұрғын үй, экология, жер, бизнес, экономика және қаржы, салық, әлеуметтік, инфрақұрылым және жол құрылысы саласында жемқорлық жиі орын алады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы департаментінің басшысы Арман Рахимов әр қаланың өз картасы бар екенін айтады.

«Өңірлік проблемаларға терең үңіле және әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, агенттік облыс пен республикалық маңызы бар қалалар үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Картада процестердің ашықтығы, әкімшілік кедергілердің болуы, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін табу мүмкін емес өзекті мәселелердің тізбесі ұсынылған», – деді А. Рахимов.

Картаны іске асыру барысында биыл  сыбайлас жемқорлыққа қарсы 8 мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 3 сыртқы талдау жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 129 ұсыныс енгізіліп, 24 тұлға жауапкершілікке тартылды. 

Спикердің айтуынша, мемлекеттік органның ерекше бақылауында бизнес саласы бар. Айта кетейік, Алматыда 350 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

«Кәсіпкерлерге көмек көрсету мақсатында «Бизнес жол» жобасы аясында екі мыңнан астам кәсіпкерді қамти отырып, алпыс бес кездесу өткізілді. Жиырма алты мәселе шешіліп алты жүз кәсіпкердің құқығы қорғалды», – деп бөлісті ол.

Осылайша, кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін 3 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 7 факт бойынша ӘҚБтК-нің 465-бабы бойынша рұқсат беру тәртібі мен мерзімін бұзғаны үшін 4 адам жауапқа тартылды. Бұдан басқа, 9,2 млрд теңге өтелді және 5,4 млрд теңге бұғатталды.

Сондай-ақ оқыңыз