Елімізде биыл ұнның бағасы 2,8 пайызға, нан өнімдері 7,3%-ға қымбаттаған
Елімізде ұн өндірісі биылғы жылы 3,7%-ға өскен. Бұл жайлы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.
2023 жылғы қаңтар-шілдесінде елімізде 1,7 млн тонна ұн өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7% артық. 2022 жылғы қаңтар-шілде арлығында 1,6 млн тонна ұн өндірілген.
Өндіріс артқанымен елімізге импортталатын ұн көлемі де 1,1%-ға артқан. Импорт үлесіне ұнның 1,4%-ы тиесілі екен. Елімізге жалпы 24,2 мың тонна ұн әкелінген. Ал экспортқа қаңтар-шілде айларында 1 млн тоннадан астам ұн жөнелтілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7% артық екен.
Ішкі нарықта барлығы 716 мың тонна өнім сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1% аз.
Ішкі нарық демекші, жалпы елімізде ұнның бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға артқан. Ал нан өнімі 7,3%-ға, макарон өнімдері 17,3%-ға қымбаттаған. Ал дәнді дақылдар, керісінше, 3,9%-ға арзандады.
Елімізде жоғары сортты ұнның құны орташа есеппен келісіне 367 теңгені құраса, бірінші сортты ұн – 230 теңгеге бағаланады.
Десе де, 2023 жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы ағымдағы айдың басымен салыстырғанда 0,3%-ға төмендеген. Жыл басымен салыстыратын болсақ, әрбір қазақстандық үшін аса маңызды тауарлар 3,2 пайызға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға қымбаттаған.