«Қазпошта» АҚ-ның ресейлік дүкенмен жұмыс істегені депутатқа ұнамай қалды
«Қазпошта» ресейлік Ozon, Wildberries интернет дүкендерімен жұмыс істеп, пайда табуға ниетті. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты, деп хабарлайды kursiv.media.
Мәжілістегі комитет отырысында ұлттық компания басшысы Ресейдің интернет дүкендерімен бірігіп жұмыс істейтінін жеткізді.
«Жалпы бізде бірлескен жобалар бар. «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелерінде (ресейлік) Ozon, Wildberries, қазақстандық Flip (интернет дүкендерінің) тауарды беру және жинау пункті болады. Осылайша, олар өздерінің бөлімшесін ашпайды. Алайда біздің («Қазпошта» АҚ) адамдарымыз қосымша жалақы алады. Басқа серіктестермен жұмыс істеу арқылы компания қосымша табыс көзіне ие болады», – деді Әсел Жанасова.
Депутат Мұқаш Ескендіровке басқарма төрағасының жоспары ұнамай қалды.
«Менің білеуімше, Оzon интернет дүкені – Ресей поштасының стратегиялық серіктесі. Біз Ресей поштасының артынан жүреміз бе? Неге басқасы емес? Неге Ozon?», – деді ол.
Әсел Жанасова ресейлік компаниялармен жұмыс істеу қомақты табыс әкелетінін, мұнда нарық заңына бағынуға тура келетінін атап өтті.
«Бізде барлық маркет плейспен жұмыс істейміз деп мақсат қойдық. Ozon арқылы түсетін табыс – 1 млрд теңге. Бұл – біз үшін қомақты ақша. Сондықтан ол Ozon ба, Wildberries пе, бәрімен жұмыс істейміз. Қазақтың да өзінің Clever деген шағын маркет плейсі бар. Әйтпесе, олар (ресейлік онлайн дүкендер) өзінің қоймасы мен бөлімшесін ашады. Біз келіссөз жүргізіп, біздің адамдар ашсын, сол сервистен пайда тапсын дедік. Сондықтан бұл – біз үшін үлкен табыстың көзі», – деп сөзін түйіндеді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы.