Ресей Қазақстанмен біртұтас энергетикалық жүйенің қатарлас жұмысы туралы келісімді өзгертуді ұсынды
Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі Қазақстанға екі елдің біртұтас энергетикалық жүйесінің (БЭС) қатарлас жұмыс істеуі туралы үкіметаралық келісім жобасына өз түзетулерін енгізген. Бұл туралыҚазақстан Республикасының Энергетика министрлігі хабарлады.
«Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйенің қатарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» келісімнің өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жобасын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық арнасы арқылы жолдады», – делінген келісімге енгізілген өзгерістердің негіздемесі.
Өзгерістер Қазақстандық энергетика жүйесінде теңгерімсіздікті жабу үшін ресейлік электр энергиясын сатып алуға байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған. Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Ресей Ресей Федерациясынан Қазақстанға жіберілетін электр энергиясының тарифтері мен көлемін жыл сайын келісіп отырады
Мемлекетаралық теңгерімдегі ауытқу көлемін өтеу үшін электр энергиясын сатып алу-сату «KEGOC» АҚ мен «Интер РАО» АҚ арасындағы келісім бойынша жалғасады. Бұл ретте баланстық ауытқудың орташа сағаттық мәні диспетчер белгілеген кестеден ауытқыған кезде «Интер РАО»-ның рентабельділік нормасы 2,5% құрайды.
Дегенмен, келісімге енгізілген өзгеріске сәйкес, Ресейден электр энергиясын «KEGOC» АҚ-ның бұрынғы еншілес кәсіпорны – «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» компаниясы сатып алып отырады. Қазіргі кезде Энергетика минитрлігінің қарамағына берілген компания 1 шілдеден елімізге қажетті энергияны сатып алатын бірыңғай оператор болып бекітілген.
Сонымен қатар, келісімде майнерлер үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына коммерциялық жеткізілім бойынша консультация жалғасатын тармақ енгізілген. Ол үшін «KEGOC» АҚ өкілі – БЭЖ жүйелік операторы бір ай бұрын энергия жүйесіндегі немесе оның бөліктеріндегі электр энергиясы тапшылығын болжау отыруы керек.
Қыркүйектің 27-сі күні өткен брифингте «KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов майнерлер қажетті электр энергиясын Ресейден сатып алып жатқанын атап өтті.
«Біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан майнерлер электр энергиясын Ресейден сатып алады. Оларға Энергетика министрлігі мен біз шектеу қоямыз. Сондықтан майнерлердің жұмысы Қазақстанның энергетика жүйесіне әсер етпейді», – деді ол
«KEGOC» АҚ бұрынңы Басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев 2022 жылдың желтоқсан айында қазақстандық кеншілер ресейлік электр энергиясының импортын мамырдағы 3 миллион кВт/сағ-тан өткен жылдың қарашасында 100 миллион кВт/сағатқа дейін ұлғайтқанын 2022 жылдың желтоқсанында мәлімдеген болатын. Одан кейін Ресейде 100 миллион кВт/сағатты 4 рубльден (сол кездегі ресми бағам бойынша 30,28 теңгеден) сатып алған 13 майнер туралы сөз болды.
Сұр майнерлердің қызметі соңғы жылдары еліміздегі электр энергиясы тапшылығының негізгі себебі екені айтылды. Әртүрлі бағалау бойынша, тапшылық 1-ден 1,7 ГВт-қа дейін ауытқиды. Ол Ресей Федерациясынан келетін импорт есебінен жабылды.
Биыл Қазақстанда энергия тапшылығы сақталып отыр, бірақ оның мөлшері дәстүрлі түрде жазда азайып, қыста артады. Республика жетіспейтін жарықты Ресейден алады.