«Айыппұл тауар сомасына көп болуы мүмкін»: сауда вице-министрі интернет дүкенге қойылатын талапты күшейту туралы айтты

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Елімізде интернет дүкендерге талап күшейеді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіндегі отырысында айтты, деп хабарлайды kursiv.media.

Комитет отырысында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасының және оған ілеспе заңдар таныстырылды. Қайрат Балықбаевтың айтуынша, 2023 жылы интернет дүкендерден тауарды онлайн сатып алғандардан шағым айтарлықтай көбейген.

«2023 жылдың 6 айында онлайн саудаға қатысты тұтынушылардың электронды сауда сегментіне шағымдарының саны 2021 жылға қарағанда 400%-ға өсті. Мұны ескеріп, заң жобасы арқылы шарттарда тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптаға жол бермеуді бекіту, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жою ұсынылған. Атап айтсақ, тауарларды сату үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіру ұсынылады», – деді министрдің орынбасары.

Қайрат Балықбаевтың айтуынша, бұл өзгеріс бизнес субъектілерін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 193-бабы 1-бөлігі («Қазақстан Республикасының сауда қызметiн реттеу туралы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасында құқық қолдану практикасы мен тұтынушыларды құқықтық қорғаудың нәтижесіне әсер ететін әртүрлі түсіндірмелері бар бірқатар құқықтық олқылықты, норманы жою ұсынылып отыр.

Ол сондай-ақ заңға қандай норма енгізілетінін түсіндірді.

«Мысал ретінде сапасыз шәйнекті немесе балалар ойыншығын алайық. Оны тұтынушылар 10-15 мың теңгеге сатып алады. Өкінішке қарай, сатушылар бұған аз сома ретінде қарайды. Біз заңға тауар сомасынан айыппұлдар бойынша градацияны енгізуді ұсынып отырмыз, яғни тауар сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл соғұрлым көп болады. Оның мөлшері 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл сатушыны тұтынушымен дауды шешуге итермелейді. Өйткені, ол істі сотқа жеткізсе және сот оған айыппұл салса, онда ол төленген тауардың сомасын да, айыппұл мен шығындарды да өтеуі керек. Мұндай норма тұтынушы мен сатушы арасындағы дауды сотқа дейін шешуге ынталандырады. Бұған дейін Қазақстанда мұндай тәсіл болмаған», – деді вице-министр.

Сондай-ақ оқыңыз