Қазақстанның 3 қаласы әкімшілік сатусынан айырылып, ауылға айналуы мүмкін
Еліміздің үш шағын қаласы өзінің әкімшілік мәртебесін өзгертіп, ауыл санатына ауысуы мүмкін. Олар – Ақмола облысындағы Степняк қаласы мен Ақтөбе облысындағы Темір және Жем қалалары.
«Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа тиісті түзетулер енгізу туралы құжат т «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатта әкімшілік-аумақтық заңнама талаптарына сәйкес келмейтін қалаларда яғни халық саны 10 мың адамнан кем болса, олардың әкімшілік мәртебесін өзгерту бойынша кезең-кезеңмен процесс жүргізілетіні айтылған.
Сол құжатқа сәйкес бірінші болып Степняк, Темір және Жем шағын қалалары өздерінің қалалық мәртебесін жоғалтуы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Степняк Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімшілік орталығы болып табылады. Қала тұрғындарының саны 3,8 мың адамды құрайды.
Ал Темір қаласы – Ақтөбе облысы Темір ауданының әкімшілік орталығы. Қалада 2,1 мың адам тұрады.
Жем – 1,5 мың халқы бар аудандық маңызы бар қала. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында орналасқан.
Құжатта сондай-ақ 17 ірі ауылдың ауыл мәртебесіне сәйкестігі туралы мәселе қаралады. Мысалы, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылының халқы 54 мың адамға жетсе, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында 47 мың адам тұрады. Бұл ауылдар керісінше, болашақта қала мәртебесіне ие болуы мүмкін.
Сонымен қатар Жарлықтың жобасында облыстық маңызы бар қалалардың шекарасында орналасқан дербес ауылдар мен кенттерге қатысты талдау жүргізілетіні айтылған. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкестендіріп, мұндай ауылдар мен кенттердің мәртебесі қайта қаралып, кейін шағын аудандар ретінде қалалардың құрамдас бөлігіне айналады.