АҚШ Қазақстан азаматтарының виза алу процесін барынша жеңілдетуге мүдделі – АҚШ елшісі
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм Қазақстан азаматтары үшін виза алу процесін жеңілдетуге мүдделі екенін айтты. Десе де, бұл үрдіске қатысты мемлекет бекіткен қолданыстағы ережелер мен заңдар өзгермейтінін жеткізді.
«Бір қызығы, мен Қазақстанды аралағанда маған осы виза мәселесі жөніндегі сұрақтар жиі қойылады. Жақында ғана Алматы мен Астанада болдым, сонда да осы сұрақтар қойылды. Біріншіден, біз өз елдеріміздің азаматтарының көшіп-қонуы, бір-біріне баруы жеңіл болғанын, жалпы бұл процесті оңтайландыруға мүдделіміз. Мен АҚШ азаматтарының да Қазақстанға келгенін көргім келеді, сондықтан бұл екі жақты процесс. Бұл өз кезегінде адамдар арасындағы байланыстың нығайып, екі ел арасында берік қарым-қатынастардың қалыптасуына мүмкіндік туғызар еді», деді АҚШ елшісі.
Ол сонымен бірге Қазақстанның Орталық Азия елдерінің ішінде 10 жылға жарамды иммиграциялық емес виза ала алатын жалғыз мемлекет екенін айтты.
«Айта кету керек, Қазақстан азаматтары 10 жылға дейін жарамды иммиграциялық емес виза ала алатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Бұл шынымен де біздің қарым-қатынасымыздың жақсы екенін көрсетеді. Бірақ АҚШ-тың өзінің ережелері мен заңдары бар. Оларды сақтауымыз керек. Ең бастысы, визаны алған мақсатынан басқа мүдделерде пайдаланғысы келетін адамдарға мүмкіндік бермеу. Сондықтан бізде сұхбат алу, құжаттарды тексеру және т.б. процесстер бар. Біз бұл процесті жеңілдету үшін жұмыс істеуге тырыстық. Пандемия кезінде біз өтінімдердің артта қалуын жойдық деп ойлаймын, енді күту уақыты айтарлықтай қысқарды. Менің түсінігімше, қазір Америка Құрама Штаттарына барған, АҚШ-қа виза алған адамдар үшін визаны қайта рәсімдеу кезінде сұхбат өткізуден бас тартуды сұрай алады. Бұл опция, бірақ бұл стандартты тәжірибе емес», деді Розенблюм.