ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорны заңсыз шектеулер енгізгісі келген – Бас көлік прокуратурасы
Бас көлік прокуратурасы ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорны енгізбек болған шектеулерді заңсыз деп таныды. Бұл жайды көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін ҚТЖ-ЖТ БАҚ-та 2023 жылдың 1 қазанынан бастап осы шектеулердің енгізілгені туралы хабарланып, оны кәсіпкерлер сынға алған болатын.
«Бас көлік прокуратураның наразылығы бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС–нің жеке тармақ иелері мен жүк иелерін өздерінің тиеу алаңдарын заңнамада көзделмеген талаптарға сәйкес келтіруге, олардың кірме жолдарын ашу үшін құжаттар топтамасын ҚТЖ-ЖТ-ға ұсынуға міндеттейтін, сондай-ақ ҚТЖ-ЖТ филиалдарына жеке кірме жолдарды тексеруге мүмкіндік беретін заңсыз телеграф нұсқаулары жойылды», делінген хабарламада.
Телеграфтық нұсқауларды зерттей келе олардың кәсіпкерлер үшін белгілейтін шектеулері заңнамаға негізделмегенін, ал олардың филиалдарына жеке кірме жолдарды тексеруді жүргізу тапсырмасы Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына қайшы келетінін және уәкілетті мемлекеттік органның функцияларын ауыстыруға әкеліп соғуы мүмкін екенін көрсеткен.
«Бас көлік прокуратураның наразылығы толық көлемде қанағаттандырылды, телеграфтық нұсқаулар заңсыз деп танылды және күші жойылды», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұған дейін Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі компанияс көмір өндіру мен экспорттаудың қысқаруына ҚТЖ-ны кінәлап отырғанын жазған едік.
Компания өкілдері мұның негізгі себептері «ҚТЖ «ҰК» АҚ-ның сыртқы нарықтарға беретін вагондарының санын тұрақты түрде азайтуында екенін мәлім еткен болатын. ҚТЖ көмірді темір жолмен тасымалдауға тұрақты конвенциялық тыйым салуды енгізгені хабарланған болатын.