Министр Сырым Шәріпхановқа сый-сияпат: ТЖМ қызметкерлерінің ақша жинағаны туралы ақпарат рас па?
Жақында Азаматтық қорғаныс саласының майоры Зуялхан Гасанов Түркістан облысының құтқарушылары Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа арнап ақша жинайтыны туралы мәлімдеме жасады. Бұл ақпаратты ТЖМ жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы кезекті арандатуышылықты іске асыру», делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Зуялхан Гасанов 2022 жылы жала жапқаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылған және қазіргі уақытта азаматтық қорғау органдарының қызметкері емес. Ол мамыр айында теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
«Ол бірнеше рет осындай мәселелер бойынша ТЖМ-ге жүгінді, бірақ тексеру нәтижелері бойынша ол көрсеткен дәлелдер расталмады. Осыған қарамастан, өтініште айтылған әрбір факт бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп қызметтік тергеу жүргізілетін болады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Өз кезегінде ТЖМ сыбайлас жемқорлықты жою бойынша барлық қажетті шаралар жүзеге асырылып жатқанын және анықталған әрбір факт тексерілетінін хабарлады. Сонымен бірге министрліктің барлық қызметкерлері үшін «WhatsApp» мессенджерінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың тікелей телефон нөмірі + 7 747 651 75 88 жұмыс істейтінін, жедел және шұғыл шешімдерді қажет ететін проблемалық мәселелер бойынша осы нөмірге жүгінуге болатыны айтылған.