Қазақстаннан сыртқа аударылған қаражат көлемі бір айда 100 млрд теңгеге жуықтады

Жарияланды

фото: kursiv.media

Қазақстандықтар шетелге жиі ақша аударатын болды. Тамыз айының қорытындысы бойынша көрсеткіштерге сенсек, сыртқа шыққан қаражат көлемі 98,7 млрд теңге, ал елге 22,1 млрд теңге жеткен. Бұл туралы Ұлттық банктің айлық есебінде жазылған.

Шетелге қарай бағытталатын аударымдар көлемі жылына 4,3% ға төмендеді, ал алынған қаражат көлемі Ресей жағындағы транзакциялардың күрт төмендеуіне байланысты бірден 69%-ға азайды.

Қазақстаннан сыртқа жөнелтілген ақша көлемі шілдеге қарағанда тамыз айында айтарлықтай өсті. Сыртқа жолданатын қаржы көлемі жағынан көш басында Өзбекстан тұр: 33,6 млрд тенге (шілдеде + 4,35%, 2022 жылдың тамызына – 16,8%, жалпы соманың үлесі – 34,1%). Көрші мемлекетке кеткен қаражаттың еңбек миграциясымен байланысы бар екенін ұғамыз. Қазақстан – өзбек мигранттары мол шоғырланған мемлекет.

Естеріңізде болса, 2023 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 762 шетел азаматы еңбек етеді деп хабарланған. Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер қатарында өзбекстандық 1 967 адам болған.

Кейінгі кезекте көп қаржы Ресейге аударылған. Көлемі – 22,4 млрд тенге (шілдеге +12,5%, жылына + 45%, үлес- 22,7%).

Орайы келгенде айта кетейік, мобилизация себебінен Қазақстанға қоныс аударған ресейліктердің саны да былтырдан бері күрт артқанын жазғанбыз. Былтыр цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 21 қыркүйектен бастап 70 мыңға жуық ресейлік шетелдіктерге берілетін ЖСН алғанын мәлімдеген еді. Бұл себеп те Қазақстанға келген ресейліктердің түрлі мақсаттарда қаржы аударуына ықпал етуі мүмкін.

Сонымен қатар, Қазақстаннан жазда 20,6 млрд тенге (шілдеге +27%, -25%, үлесі-20,9%) Анадолы асқан. Түркия бағытына да ақша аударылудың өзіндік себептері көп. Олардың қатарына қазақ-түрік компанияларының көптігін, бірлескен жобалары және еңбек мигранттарын, Түркиядағы қазақстандықтардың қаржылық қажеттіліктерін жатқызуға негіз бар.

Қазақстаннан сыртқа қаржы аударылған негізгі мемлекеттер ретінде:

Грузия -8,6 млрд теңге (+17,8%, +53%, үлесі-8,7%);
Қырғызстан – 3,6 млрд теңге (+28,5%, +10%, үлесі-3,7%) жіктеуге болады.

Сонда барлығы 98,7 млрд теңге (шілдеге+11,5%, жылына -4,3%) шетелге жолданған.

Қазақстанға қарай көп қаржының Ресейден аударылатыны анықталды.

Шетелден алынған ақша көлемі де шілдеге қарай өсті, бірақ жыл өткен сайын төмендеп келеді:
Ресей – 7,5 млрд теңге (-5% шілдеге, -77% жылына, жалпы соманың үлесі-33,7%);
Өзбекстан-2,8 млрд теңге (+12%, -39%, үлесі-12,5%);
АҚШ-2,4 млрд теңге (-17%, -38,4% үлесі – 10,9%);
Корея Республикасы-2,3 млрд теңге (-25%, -39%, үлесі-10,3%);
Түркия – 1,5 млрд. теңге (+7%, -11%, үлесі – 6,7%);
Жинақтай айтқанда, шетелден барлығы 22,1 млрд теңге (шілдеге+9%, жылына -69%) аударылған.

Сондай-ақ оқыңыз