Бір күн бұрын іске қосылған Риддер ЖЭО-дағы қазандық жұмысы қайта тоқтады

Жарияланды
тэц
Фото: shutterstock; tets.kz

Риддер ЖЭО-сында бір күн бұрын іске қосылған қазандықтың жұмысы қайта тоқтады. Риддер әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, қазандықтар сынақтан өткізу үшін уақытша қосылған.

«Ережеге сәйкес, күрделі жөндеуден өткен электр станцияларының жабдықтары 48 сағат ішінде жүктеме кезінде қабылдау-тапсыру сынақтарынан өтеді. Жабдықты кешенді сынау негізгі отынмен 72 сағат бойы қалыпты және үздіксіз жұмыс істеуі жағдайында жылу электр станциясы үшін қалыпты жүктемесі және будың есептік параметрлері, судың қысымы мен шығыны ескеріле отырып жүзеге асырылады. Осыған байланысты авариялық жағдайларды болдырмау үшін 2023 жылғы 2 қазаннан 2023 жылғы 3 қазанға дейін қосымша тексеру үшін №3 қазандық агрегатын тоқтату қажет», деп жазды әкім өзінің әлеуметтік парақшасында.

Әкімнің бұл сөзін «Риддер жылу электр орталығы» АҚ Риддер су арнасының директоры Константин Хан да растады. Орталық өкілі қазандықтан 48 сағат бойы жұмыс істеген соң, жоспарлы түрде тоқтатылып, жабдықтары тексерілетінін, тексеру жұмыстары аяқталған соң қазандық қайта іске қосылатынын айтты.

«Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес күрделі жөндеуден өткен жабдық 48 сағат ішінде жүктеме кезінде қабылдау сынақтарынан өтеді. Одан кейін барлық құрамдас бөліктердің жұмысын егжей-тегжейлі тексеру үшін жоспарлы өшіруді қажет етеді. Осыған байланысты 3 қазандық тексеруге тоқтатылды, 3 қазанда түстен кейін ыстық су беруді қалпына келтіру жоспарлануда», дейді «Риддер ЖЭО» АҚ, Риддер су арнасының директоры Константин Хан.

Еске сала кетсек, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жылыту маусымы басталып кетті. Бұл өңірлерде ең алдымен, әлеуметтік нысандар жылытуға қосылған. Атап айтқанда, жылытуға Астана қаласы мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары қосылған.

Алайда кейбір өңірлердің жылыту маусымына үлгермей қалу қаупі бар. Өйткені ЖЭО-ларда көктемде басталған жөндеу жұмыстары кешіктіріліп жатыр. Жағдайды жедел түзету үшін Әлихан Смайылов әкімдіктерге екі апта уақыт берді.  

Сондай-ақ оқыңыз