ЕО төрағасы: Украина жемқорлықты жеңсе, 2030 жылы Еуропалық Одаққа мүше болуы мүмкін
фото: kursiv.media
Украина және де Одақтан үмітті өзге елдер реформаларды жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлықты жеңсе, ЕО мүшесі бола алады. Бұл жайлы ЕО басшысы Чарльз Мишель мәлімдеді.
Украина 2030 жылға қарай Еуропалық Одақ құрамына мүше бола алады, деді Еуропалық Кеңестің төрағасы Чарльз Мишель.
Төраға бұл жайлы 3 қазан, сейсенбіде, Der Spiegel-ге берген сұхбатында айтты. Чарльз Мишель саяси сценарийдің қалай жүзеге асатынына қатысты түсінік берді. «Егер екі тарап берілген тапсырмасын орындаса» Одақ мүшесіне айналатынын айтты
«Украина және басқа да үміткерлер реформаларды жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлықпен күресіп, өзін оң жағынан танытуы керек», – деп түсіндірді ол.
Мишельдің айтуынша, ЕО-ға үмітті мемлекеттердің барлығы не істегісі келетінін, басым тұстары қандай екенін және қаржыны қай бағытта жұмсағысы келетінін «нақты түсінуі керек». Сонымен бірге, Еуропалық одақ бұған қатысты шешім қабылдау процестерін жеделдетуі тиіс.
Сонымен қатар, Еуропалық Кеңес басшысы «геосаяси ықпал әрқашан тек әскери күшпен өлшенбейді» деп мәлімдеді.