Азматтардың жеке деректері ұрланса, ХҚКО қызметкерлері жауапкершілікке тартылады: Мәжілісте заң жобасы қаралып жатыр
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәртебесі өзгертіледі. Олар бұдан былай мемлекеттік функцияларды орындауға өкілеттік берілген адамдарға теңестіріледі.
Бұл мәселе мәжілісте өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының бірінші оқылымында талқыланды.
Қызметкерлер мәртебесін өзгерту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету оңтайландырылып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіру көзделіп отыр.
«Заң жобасында мелекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және қолджетімділігі шектеулі дербес деректерге, қолжетімділігі бар мемлекеттік корпорация қызметкерлерін мемлекеттік функцияларды орындауға өкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға жатқызу бойынша Қылмыстық кодекске және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы заңға өзгерістер енгізілуде. Бұл тузетулер мемлекеттік корпорация тарапынан теріс пайдалану мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Қолданыстағы заңнамада көзделген құқықбұзушылықтар жасалған жағдайда, мемлекеттік корпорацияның осы қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілгендерге теңестірілген ретінде жауапты болады», деді депутат Данабек Исабеков.
Яғни жеке деректер базасындаға ақпараттың сақталуына тікелей жауапкершілік Мемлекеттік корпорация жауапкершілігінде болады
Ал мемлекеттік корпорацияға Е-Өтініш ақпараттық жүйесі шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру қызмет сапасын жақсартатынын айтады.
«Мемлкетік корпорацияға ақпараттық жүйе шеңберінде өтініштерді қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру нормасы азаматтардың әкімшілік органдарға жүгінуге, жауап алуға, сондай-ақ өтініштерді қарау сапасын бақылауға мүмкіндік береді», дейді ол.
Жүйе пилоттық режимде тексеріліп, оң нәтиже көрсеткен соң, заңдық тұрғыдан бекітуді талап ететінін айтты депутат. Ал депутат Юлия Кучинксая бүгінде жүздеген ХҚКО қызметкерлерінің жеке деректерге қол жеткізе алатынын, талай рет сол қызметкерлердің жеке мәліметтердің тарату жағдайы тіркелгенін айтты.
«Қазіргі таңда ХҚКО қызмектерлері азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізе алады. Олар адамның сотталған немесе сотталмағанын, мүлкі бар-жоғын біліп отырады. БАҚ-та жеке деректердің таралып кету жағдайына ХҚКО қызметкерлерінің қатысы бар екендігі де жиі айтылып жатады. Осы орайда мұндай жағдай қайталанатын болса, корпорация қызметкерлері қандай жауапкершілікке тартылады?» деп сұрады депутат.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин ХҚКО қызметкерлері тарапынан жеке деректердің таралып кету жағдайы соншалық жиі тіркелмейтінін, тек ол оқиғалар резонансты болғандықтан, көп таралып кететінін айтты.
«Қазіргі таңда мемлекеттік корпорация қызметкерлері өз жұмысын сапалы орындап жүр. Ал жемқорлық тәуекелдер корпорацияда көп тіркелмеді. Оған дәлел ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің рейтингін келтірсем болады. Ол рейтингте біздің корпорацияның алғашқы орында тұрған жоқ. Себебі мұндай тәуекелдерді корпорация өзі анықтап, жауапты органдарға жіберіп отырады. Ал жеке деректердің таралу жағдайы сондай көп емес, тек болған оқиғалар резонанс тудыратындықтан, осындай пікір қалыптасқан», деді.
Ал депутат Мұрат Әбенов жақында жеке деректердің телеграм-бот арқылы шетелге таралып кету жағдайын мысалға келтіріп, оған ешкімнің жауапқа тартылмаған айтты. Жауапкершілікті арттыру үшін корпорация қызметкерлеріне бірден мемлекеттік қызметкер мәртебесін беруді ұсынды.
«Мұнда мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне ерешке статус беру мәселесін қарап жатырмыз. Еңбек кодексіне ерекше тұлғалар деп өзгеріс енгізуге тырысып жатырмыз. Неге бәрін бұлай қиындатамыз? Неге бірден мемлекеттік қызметкер статусын бере салмаймыз. Бұл статус берілсе, кешегідей жеке деректер тарап кеткен жағдайда оған жауапты адамдардан сұрай аламыз. Қазір бұл жағдай үшін ешкім жауапкершілік алғысы келмейдіә, ол жағдай үшін ешкім жауапқа тартылмады. Ал егер мемлекеттік қызметкер статусын берсек, жеке деректердің ұрлану мәселесі шешілетін еді деп ойлаймын» деді депутат Мұрат Әбенов.
Депутат Данабек Исабеков дәл сол жауапкершілікті арттыру мақсатында заңа түзету енгізу көзделіп отырғанын айтты.
«Мемлекеттік функцияларды орындайтын, мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің дербес деректерге қол жеткізе алатын болғаны себепті, оларды мемлекеттік функция орындайтын адамға теңестіріп жатырмыз», деді депутат.
Мұрат Әбенов осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін де сынға алды.
«Сіздер кезінде ЖСН беру өкілеттігін жеке банкке беріп тастадыңыздар. Ешқандай конкурс өткізбестен, ресейліктерге шот ашатын банкке мемлекеттік функцияны бере салғансыздар. Ол мәселені дереу тоқтаттыңыздар. Бірақ ол үшін әлі ешкім жауапқа тартылмады. Ал енді дәл солайша мемлекеттік функцияларды мемлекеттік корпорацияға бере салмақшысыздар. Бұл қаншалықты заңды? Өйткені сол кездегі банкке өкілеттік беруді Антикор жемқорлық іс-әрекет деп бағалаған болатын» деді.
Ал министрлік өкілі қазіргі таңда телеграм бот арқылы таралған деректерге қатысты тексеріс жүріп жатқанын айтты. Ал Мемлекеттік корпорация мемлекет бекіткен тәртіппен тек өтініш қабылдап алып, оның нәтижесін беруші ұйым ретінде жұмыс істейтінін айтты. Ал жалпы қызметтер Ішкі істер министрлігі арқылы жүзеге асады.
«Жеке банкке өкілеттік беру мәселесіне келер болсақ, екінші деңгейлі банкке қызмет көрсету функциясы толықтай берілген жоқ. Тек өтініш қабылдау функциясы ғана берілген болатын. Ол сол кезде ХҚКО-дағы жүктемені азайту мақсатында берілген болатын» деп жауап берді министрлік өкілі.